Еңбекке егденің де бар таласы. Зейнет жасына жетсе де, жұмыс істейтін қариялар армиясы көбейіп жатыр. Әлеуметтік зерттеушілер 2022 жыл мен 2024 жыл арасында олардың саны еселеп өскенін жариялады. Мамандар бұл тенденцияға түрлі себеп барын айтады, бірақ бастысы біреу – жетіспеушілік. Нан-шәй мен дәрі дәрмекке бұрынғы еңбегің аз, бүгін де еңбектену керек.
Астанадағы аса ірі іскерлік ғимараттардың бірінде еден жуып жүрген Әлия апамыз қазір 60-тан асты. 5 құрсақ көтерген ол 53 жасында бала саны бойынша зейнетке шыққан. Алайда үйде отыра алмадым дейді.
Әлия Кәрібаева, зейнеткер:
- Зейнетақы кішкентай. Баламен шыққаннан кейін. 70 мың қазір. Өзі 30 мыңмен шыққам. Қазір 70 мың болды. Енді өсетін шығар деп әлі де үміттенеміз.
Астанаға көшіп келгенге дейін ауылда есепші болып қызмет атқарған Әлия апайға елордаға келген соң мамандығы бойынша жұмыстың реті болмапты.
Әлия Кәрібаева, зейнеткер:
- Қалада қимылдағаның ақша ғой.
Қол қусырып отыратын емес, бухгалтерлік шотты шелек пен шүберекке алмастырғалы да 20 жылдай болыпты. Пайғамбар жасына келіп қалса да, жұмысты тастамақ емес.
Әлия Кәрібаева, зейнеткер:
-Жүріс негізі денсаулыққа көмектеседі. Жүру керек. Үйде отырсаң ауыра бересің. Ыңқыл-сыңқылың көп. Ал жүргеннен кейін білінбейді. Біздің коллективіміз де жақсы қыздар. Әзіліміз жарасып, ойнап-күліп. Әрі ақша табамыз.
2022 жылдан бері елімізде жұмыс істейтін зейнеткерлердің саны 45% артқан. Яғни соңғы екі жылда еңбекке тартылған егде адамдардың саны 100 мыңға көбейіп, 300 мыңға жетіп отыр. Жетіскеннен емес, бәлки. Сол нан-шайдың қамы. 65 жасқа дейінгі жұмыс істейтіндердің 70 мыңдайы мамандық бойынша жүрген жоқ. Мәселен, бұрын әскери не педагог болса, қазір күзетші.
Эльмира Отар, әлеуметтанушы:
-Зейнеткерлік жастағы жұмыскерлердің ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау саласында, сауда саласында жұмыс істеуі. Зейнетақының аздығы біріншіден, яғни бағалардың өсуі, инфляция деген сияқты адамға қажетті өмір сүру деңгейіне сәйкес келу үшін сол салаларда жұмыс істеуіне тура келеді.
«Ранкинг» талдау орталығының әлеуметтік сауалнамаларының сандарына назар аударсақ. Былтыр елімізде зейнет жасында жұмыс істегендердің 70 мыңдайында ешқандай мамандық болмаған. Олар негізінен ауыл шаруашылығында сауыншы, бақташы немесе жұмысшы болып нәпақа тапса, қызмет көрсету саласында 7,6 мың адам еден жуу, үй және көше тазалау жұмыстарын істеген. 5 мыңнан аса зейнеткер сауда саласында нан тапса, 8 мың адам бизнес саласының түрлі деңгейінен көрінген. Сондай-ақ былтыр мемлекеттік қызметте 65 жастан асқан басшылар көбейіп, ондай шенеуніктердің саны 423-ке жеткен.
Эльмира Отар, әлеуметтанушы:
- Батыс елдерінде зейнеткерлікке дейінгі және зейнеткерліктен кейінгі өмір, бір жаңа өмір басталғандай олар қарттар күтеді. Себебі олардың зейнетақы қоры сенімді олар үшін. Бұл жерде экономикалық фактор деп айтатын болсам зейнетақы жүйесіне сенбеушілік байқалады, пост кеңестік елдерде, біздің Қазақстанда да.
Әлия Кәрібаева, зейнеткер:
- Қалада қимылдағаның ақша ғой. 10 ай қалды. Жасыммен зейнетке шығам. Сосын Алла біледі, енді Алла көрсетеді.
63 жаста қалған өмірін құдайдың еркіне тапсырып беру тенденциясы жүйеден гөрі Жаратушы иеге деген сенімнің жоғары екендігін айғақтаса керек. Егде жастағы еңбеккерлер армиясы жыл санап көбейіп жатыр.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Қанат Әбілдинов, Мейірбек Беспаев