Астана іргесіндегі «қазақша қала» атанған Қосшы

  • 133
  • 01.04.2025, 18:59

Қазақша қала. Астана іргесіндегі Қосшыны ел ішінде осылай атап жүр. Неге дейсіз ғой? Ондағы көшелдердің бәрі дерлік ана тілімізде жазылған. Мазмұны да ұғымды, ұлттық бояуы қанық. Қазақилықтың иісі аңқып тұр. Күлтегін заманынан бастап Қазақ хандығына дейінгі тарихи тұлғалар, одан кейінгі кезеңдегі батырлар мен ақын-жазушылар дейсіз бе бәрі қамтылыпты. 

Қосшыда көше атауларын бір ретке келтіру жұмысы ол ауыл болып тұрған тұста басталған екен. Ал 2021 жылы оған қала мәртебесі берілген соң бұл іс өз жалғасын тапқан. Сол бойынша тіпті жуырда ғана қаланың бас жоспары бекітіліпті. Көшеге атау беруді жергілікті билік үйлестіреді. Дегенмен оның да өз тәртібі бар. 

Берген Жұмкейұлы, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

- Үкімет қаулысымен 550 тарихи тұлғалардың есімі анықталған. Соның ішінен таңдалып, қайталанбайтындай ат қойылды. Қаламыздағы көше аттары бәрі сол жерден алынған. 

Сонымен Қосшыдағы басты көше Республика деп аталады. Соны бойлап ішке кірсеңіз әр қиылыста Күлтегіннен бастап бүгінге кезеңге дейінгі тарихи тұлғалардың аттары жазылған тақтайшалар ілініп тұр. Құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан Қосшыда жыл сайын жаңа ғимараттар мен көшелер пайда болуда. Жергілікті билік оларға атау беру мәселесімен жиі жолығады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Қосшы қаласында көше атауы берілгенде белгілі бір тәрбиелік мазмұн сақталған. Мәселен, мен тұрған даңғы Абай Құнанбайұлының есімімен аталса, оның оң жағы хандараға арналған. Ол Тәуекел хан, Қасым хан. Осы жолдың сол жақ бөлігіне бұрылар болсақ, жырауларды кездестіреміз. Ол Асан Қайғы, Бұқар жырау. Одан ары күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін жолықтырамыз. 

Түсірілім кезінде Алаш арыстарыныңда аттарын жолықтырдық. Ахмет Байтұрсынов, Алихан Бөкейхан тағы басқа тұлғалар бір жерге топтастырылыпты. Есіл мен Ертіс сияқты өзен атаулары да қатар жазылыпты. 

Берген Жұмкейұлы, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

- Болашақта тағы 60 астам көшеге ат беру жоспарлануда. Бұл жұмыс басталғанда осы бағытты сақтай отырып, жалпыға ортақ ұғымдар берілетін, қазақша атаулар бергіміз келіп отыр.  

Дәл қазір Қосшыдағы 167 көше атауы қазақша жазылып тұр. Айтпақшы мамандар жаңадан салынған мөлтек аудандарға да жалпыған ортақ атау беруды жоспарлауда. Қазақша қала Қосшының бейнесі міне осындай.    

Ердәулет Ыбырайұлы, Айбек Ақшолақов