Алматы облысының Ұйғыр ауданында келесі жылдан бастап «Сары өріктің гүлдеуі» фестивалі ұйымдастырылады. Бұл Қарадала өңірінің брендіне айналған жеміс түрін кеңінен насихаттап, өнімділікті еселеп арттыруға оң әсер етпек. Жергілікті билік өкілдері көтерген бастаманы аудан шаруалары да қызу қолдап отыр.
Ұйғыр ауданындағы тау бөктері мен бау-бақша алқаптары сәуір айында алқызыл гүлге оранады. Аудан аумағында 4300 гектар жеміс бағы бар. Соның 3500 гектарында сары өрік, қалған бөлігінде алма өседі.
Жетісу облысының Сарқан ауданында жыл сайын «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалі өтеді. Ал келесі жылдан бастап Ұйғыр ауданында «Сары өріктің гүлдеуі» фестивалі ұйымдастырылмақ. Себебі бұл өнім ауданның брендіне айналған.
Фархат Ақмоллаев, Үйғыр аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Енді бізде жылдан жылға өрік өніміне қызығушылықтар бар. Әр жылы кем дегенде 100-150 гектардан алқапқа егеміз. Әрбір шаруа қожалық, мысалы, бізде 450 гектарда қазір су үнемдеу технологиясы қолданылады.
Сайдахмет Мұстафаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Енді ондай фестиваль өтсе, бізге келіп көрсетсе, мысалы, өрікті бұтап, қалай дәрілермен дәрілейді, соларды көрсетіп, насихаттау жүргізсе жақсы. Қазір түрлі тыңайтқыштар шығып жатыр ғой.
Қарадала төсіндегі несібесін жерден іздеген ағайын жыл сайын сары өріктен 20-22 мың тоннаға жуық өнім алады. Оның 4 мың тоннасы Ресейге экспортталса, қалғаны ішкі нарыққа шығады.
- Былтыр Ават ауылында өрік жақсы болды. Бізде енді фуралармен алып кетеді ғой шет жақтарға. Мысалы, Ресейге алып кетеді. Қарағандыға алып барады. Былтырғы жылы Аваттан 37 фура ма, сондай алып кетті. Бағасы 1 келісі үшін 250 теңгеден 300 теңгеге дейін болды.
Шонжы ауылының іргесіндегі бақтар бірнеше күн бұрын гүлдеп болды. Ал тау бөктеріндегі елді мекендерде аталған жеміс ағашы әлі гүлдеп жатыр. Ұйғыр ауданының брендіне айналған өнім болғандықтан мұндағы әрбір үйдің ауласына сары өрік егу дәстүрге айналған.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов