Жетісуда оннан аса ауылды жалғайтын облыстық маңыздағы жол бүліне бастады. Қарабұлақ-Көксу-Қоғалы-Сарыөзек бағытындағы асфальттың сазбалшықтай иленуінен тұрғындардың аудан орталығы мен Талдықорғанға қатынауы қиындаған.
Қарабұлақ-Көксу-Қоғалы-Сарыөзек бағытындағы жолдың ұзындығы 200 шақырымнан асады. Соның 90 шақырымына 2015 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биылға дейін тәп-тәуір тұрған асфальт көктем шыға бүліне бастады, - дейді жүргізушілер.
Есбол Байботанов, Онжас ауылының тұрғыны:
- ГЭС жасап жатыр ғой. Солардың ауыр тракторлары ма екен? Солар ойып тастап жатыр ғой. Бір айдай болды ешкім хабарсыз жатыр. Жол жасалмаған, жүруге қиын. Көрмеген адам көлігін құртады. Жасап беруін сұраймыз.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Қарабұлақ пен Рудничный аралығындағы жолдың ең қауіпті бөлігі осы. Қазір бұл жердің асфальті ұзартылып, астындағы топырағы шығып жатыр. Сондықтан жүргізушілер қарсы бетке шығып, ой-шұңқырды айналып өтуге мәжбүр.
Тұрғындардың шағымынан кейін облыстық басқарма мамандары аталған аралықты тексеріп шықты. Олар қанша шақырым жолдың бүлінгенін де анықтаған.
Нұрлан Талдыбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Ауыр салмақты жүк көліктерінің жүргенінің кесірінен жолда ақаулар шығып жатыр. Ақаулардың шыққаны 5 шақырымдай болады. Үлкен жүк көліктерін жүргізіп жатқан компаниямен келісімшарттар жасалып жатыр. Жаңағы компания өз қаражатына жолды қалпына келтіріп береді.
Екі аудан, бір қала аумағын жалғайтын жолдың бүлінген жерін бүтіндеу жұмыстары нақты қашан басталарын жауаптылар дөп басып айта алмады. Биыл олар аймақтағы 152 шақырымға асфальт төсеп, көлік қозғалысын жақсартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов