Алматы облысында өрт қаупінің жоғары деңгейі жарияланды

  • 93
  • 17.04.2025, 16:13

Күн жылынғалы еліміздің оңтүстік-шығыс аумағында да өрт қаупі күшейді.

Алматы облысы Іле өзенінің аңғарында бірнеше өрт ошағы тіркелді. Құрғақ шөп пен қамыс өрті  қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді. Әсіресе  ұя салған құстар мен аңдар зардап шегеді. Өрттің алдын алу мақсатында «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің қызметкерлері аймақты тікұшақпен  шарлап, жағдайды бақылауға алды.

Балқаш көлінің оңтүстігінде жоғары ауа температурасы тіркеліп тұр. Мұндай кезде қураған шөп пен қамыс тез тұтанып,  желдің әсерінен от  шартарапты шарпуы мүмкін.

«Қазәуеорманқорғау» мамандары Іле аңғарында өрт қауіптілік жағдайын күрделі деп бағалады. Сондықтан күн сайын атыраптағы ахуалды тікұшақтан бақылайды. 

Сергей Поляков, «Қазәуеорманқорғау» РМҚК авиациялық-өрт тобының нұсқаушысы:

- Өрт бағытын үнемі бақылап отыру керек. Егер біз өртті жаңа тұтанғанда байқасақ, оны тез сөндіре аламыз. Тікұшақ үш десантшы мен қажетті су қорын ала алады. Ал егер өрт өршіп кетсе, оны өз күшімізбен сөндіру өте қиын болады.

Іле өзенінің төменгі атырабында 15 ауылдық округ пен ондаған шаруа қожалығы орналасқан. Мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы – 692 мың гектар. Мұнда Тұран терегі, сексеуіл, шеңгел мен жыңғыл өседі. Өзен аңғарында түрлі құстар мен жануарлар мекендейді. Өрт  кезінде ең алдымен  соларға қауіп төнеді. 

Бекзат Байшалов, «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімшесінің басшысы:

- Осы өрт маусымы басталғалы бері бізде орман қорында 2 өрт пайда болды. Оның аумағы 2,2 га болды. Одан орай тағы да бізде өрт, әкімшілік жерде өрттер болды. Оның бәрі бізде Алматы авибөлімі мен орман иелерімен бірлесіп отырып кішкентай аумақта өшірдік.

Өрт қаупі көк шөп көтерілгенше сақталады. Сондықтан мамандар ауыл тұрғындары мен табиғат аясында демалушыларға үнемі ескерту жасап тұрады. Соңғы уақытта «Қазавиорманқорғау» техникалық мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырды. Бөлімшелер жол талғамайтын көліктер мен өрт сөндіруге арналған жаңа құралдармен жабдықталды.

А. Садуақас, Г. Беденко, С. Бейсекенов