Қазақстандық бағдарламалар Кремний алқабында қолданылып жатыр

  • 88
  • 18.04.2025, 18:42

Қазақстандық бағдарламалар Кремний алқабында қолданылып жатыр. Жасанды интеллекте негізделген жобалар Калифорниядағы кәсіпкерлердің шығынын азайтып, табысын едәуір еселеген. Сөйтіп, біздің өнертапқыштардың бағдарламалары мен чат-боттар АҚШ-та бизнестің көрігін қыздырып, қызығушылығын оятты.

Бұл – жұмысқа қабылдану үшін  жасанды интеллектпен сұхбаттасып отырған үміткер. Оның қарым-қабілетін, біліктілігі мен білімін, тілдерді меңгеру деңгейін, тіпті мінезін де осы бағдарлама өз бетінше анықтай алады. Сall2action деп аталатын қазақстандық өнертапқыштардың еңбегі отандық нарықпен қатар, америкалық компаниялардың да қызығушылығын оята бастаған.

Ерсұлтан Жусақынов, СALL2ACTION жобасының авторы:

- Біз 100 cұхбатты екі сағаттта істеп бере аламыз. Сосын бірден есебін бере аламыз. Ол қалай өтеді? Мысалға таңертең сіз біздің жүйеге 100 түйіндеме саласыз. Кешке үздік 5 үміткер іріктеліп, сізге жұмысқа кіре алады.

Трамп әкімшілігінің федералдық шығындарды азайту бойынша қызметкерлерді жұмыстан шығаруы АҚШ-тағы жұмыс іздеушілердің санын еселеп көбейтіп жатыр. Осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, дамудың келесі кезеңіне өту қазақстандық жасанды интеллектің ендігі мақсатына айналған. Америкалықтардың назарын аударған тағы бір компания PointAI деп аталады. Беназир Төлеубекова мен Азамат Хамидовтың чат боттары қазіргі таңда гүл саудасымен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, шығындарын азайтқан.

Беназир Төлеубекова, POINTAI компаниясының негізін қалаушы:

- Қазір нарықта чат бот саласындағы бәсеке аса жоғары. Бірақ біздің өз айырмашылығымыз бар. Жобамыз 15 минут ішінде жылдам іске қосылады, кез-келген жүйемен селбесіп кете алады. Және біздің чат бот адам сияқты жауап бергенде, оның жасанды зерде екенін жұрт байқамай қалады. Адамнан асып түспесе, кем емес.

Осылайша, POINTAI чат-боты тұтынушылармен байланысты автоматтандырып, тауар сатушылардың жұмысын оңтайландыра түскен. Дәл сол гүл дүкендерінің мысалын алып қарар болса, күніне келіп түсетін мыңға жуық өтінімнің 80%-ын жасанды интеллект өңдеп, штаттағы алпыс адамды 11-ге дейін қысқартқан. Бюджет  500 мың доллар үнемдеген.  Қызметі адамдарға қарағанда екі есе жоғары бағаланған чат боттар енді басқа да бизнес түрлеріне енгізіліп, жекелеген операцияларды орындауға бет бұрмақ.

Автор: Ердана Ержанұлы.