Қостанай облысында шекарадағы ауылдардың халі мүшкіл

  • 38
  • 29.04.2025, 18:48

Қостанай облысының 8 ауданы Ресеймен шектеседі. Ел іргесіндегі елді мекендердің көбі қаңырап қалып жатыр. Халқы азайып, жабылу алдында тұрғандары да аз емес. Мысалы, Меңдіқара ауданындағы Ұзынағаш ауылында кезінде 500 үй болса, қазір 85 шаңырақ қалған. Қиюы қашып, базары тарқай бастаған ауылдардың бірінде тілшіміз Мағауия Қалиев болып қайтты.   

Мағауия Қалиев, тілші:

- Меңдіқара ауданының орталығы Боровской кенті мен Ресеймен шекара түбіндегі Ұзынағаш ауылының арасы 60 шақырым. Осы аралықта бұрындары 15 елді мекен болған. Соның бүгінде бірлі-жарымы ғана қалды. Олардың өзі жабылып, құрып кетудің сәл алдында тұр. Мысалы, мынау Ұзынағаш ауылында бір кездері 5 мыңға жуық халық тұрған. Бүгінде қалғаны 700-ге жетер-жетпес.

Қазір мұндағы жұрттың бар тілеуі – мектептің жабылмауы. Кезінде үш ауысымда оқыған білім ордасында бүгінде бар-жоғы 53 бала қалған.  

Арайлым Төлепова, мектеп директорының міндетін атқарушы:

-Шекара аймағындағы ауылдарға көңіл бөлінсе, мынау ел ағалары жұмыскерлерді тартып, олар отбасымен келіп жатса, нұр үстіне нұр әрине. Бізде енді ауылды ұстап тұрған шынын айтқанда қара шаңырақ мектеп қана ғой. 

Жалпы Қарақоға ауылдық округі аумағында Ұзынағаштан бөлек тағы үш елді мекен бар. Әр ауылда әрі кеткенде он шақты үй түтін түтетіп отыр.

Темірболат Шәкиев, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

-Бұнда қалып жатқандар предпенсионный жас дейді ғой, зейнетке жақындағандар енді өзіміз сияқты. Сол 40-тан былай, 40-қа шейін адамдар жоқ. Бәрі де қалада.

Ұзынағаш тұрғындарының 35% ғана жұмыспен қамтылған. Олардың көбі әкімдік, әлеуметтік сала қызметкері. 

Қолқанат Мырзағалиев, Қарақоға ауылдық округінің әкімі:

-Екі медпункт болған.Төлеңгіт ауылында, Құлшықай ауылында. Қазіргі таңда жабылуға не берілді, адам саны жетпейді. Қазір бізде орталықта ФАП қана қалып тұр. 

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты пікірі мұндағылардың болашаққа деген сенімін оятты. Президент тапсырмасынан кейін Парламент жаңа заңды жан-жақты саралауға кірісті.
 
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Ең бірінші осы мемлекеттің арзандатылған несиелерін сол ауданның халқына қолжетімді жасау керек. Бұл ең негізгі мәселе. Екінші мәселе дүниежүзінде осы шекаралық аудандарда тұратын халыққа мемлекет белгілі бір преференция береді. Яғни мысалы үшін еңбек өтілі жөнінде, еңбек өтілі жөнінде, сонымен бірге жалақыға үстемақы қарастырылады.

Мәжіліс депутатының айтуынша, халық санына қармастан шекара маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын дамытып, Қостанай облысы әлеуметтік нысандар салу керек. Ал Ұзынағаш тұрғындары созылып кеткен застава құрылысы тезірек аяқталса екен деп отыр. Шекарашылар келсе, бала саны көбейер деген үміттері бар. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг