Ұлытауда соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері еске алынды

  • 32
  • 09.05.2025, 18:37

Ұлытау өңірінен 16 мыңға жуық боздақ майдан даласына аттанып, 10 мыңнан астамы елге оралмады. Өкінішке қарай бүгінде облыста соғысқа қатысқан көзі тірі бірде-бір ардагер қалмады. Тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп барады. Соғыс жылдары жанкештілік танытқан жандар: «Жеңіске біздің де қосқан үлесіміз зор», - дейді. 

Соғыс басталғанда Лидия Сарабанская 5 жастағы бала еді. Украинаның Польшамен шекаралас аймағындағы ол тұрған ауыл алғашқы күннен жаудың қолына өтті. 1943 жылы Кеңес әскері азат еткенше, Лидияның отбасы үреймен күн кешкен. Ерте есейген ол сол кездің өзінде «Барлығы майдан үшін» деген ұранмен еңбекке араласты. Соғыстан кейінгі жылдары қираған елді мекендерді қалпына келтіруге атсалысты.

Лидия Сарабанская, тыл ардагері:

- Сол кезеңдер әлі күнге есімнен кетпейді. Мал-мүлкімізді тартып алды. Қарсылық көрсететін азаматтарды түгел тұтқындап әкетті. Кеңес армиясы жеткен соң соларға жәрдем беріп, жау оғынан қорғанатын окоптар қаздық. 

Ер-азаматтың бәрі соғысқа кеткенде тылдағы ауыр еңбек әйелдер мен бала-шағаның мойнына артылды. Солардың бірі Таисия Терехина. Өрімдей шағында өндірісте бел шешпей еңбек еткен ол Қарсақбай зауытында басшы болып жұмыс істеді. «Жеңіс үшін аш құрсақ жүрсек те айлық жоспарды асыра орындадық», - дейді тыл ардагері. 

Таисия Терёхина, тыл ардагері:

- Зауытта негізінен 14-15 жастағы жасөспірімдер еңбек етті. Біздің балалық шағымыз ауыр станоктар мен мыс балқыту пешінің жанында өтті деуге болады. Тылдағы жанкешті еңбек жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Енді соғыс болмасын. 

Қарсақбай зауытында шыңдалған Таисия Терехина кейін Жезқазғанға қоныс аударды. 30 жылдан астам уақыт тау-кен металлургия комбинатында бөлім басқарды. Таяуда 102 жасқа толған кейуана «Бейбіт өмір үшін шүкіршілік ету керек», - дейді.

Бүгінде Ұлытау облысында көзі тірі соғыс ардагері қалмады. Жеңісті жақындатуға сеп болған 397 тыл ардагері тұрады. Жанқиярлық еңбектің үлгісі болған азаматтар қандай құрметке болсын лайық. 

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева