270 мың тонна. Елімізде 2030 жылға қарай жыл сайын осынша көлемде балық өндірілуі тиіс. Оны іске асыру тетіктері Сенатта талқыланды. «Акваөсіру туралы» заң балық шаруашылығын дамытуға үлкен серпін береді деген үміт бар. Мамандардың бағалауынша, біздің бұл бағытта әлеуетіміз мықты. Қазір Қазақстан аумағында 3 мыңнан астам табиғи және жасанды көл бар. Соған қарамастан былтыр елде 64 мың тонна ғана балық өндірілген. Ал жан басына шаққанда жылына орта есеппен небәрі 4 келі ғана балық тұтынамыз. Әлемдік стандарт 16 келі. Бұл көрсеткіш жекелеген елдерде 20 келіге дейін жетеді. Құжатта балық өнімдерін тұтыну көлемін арттыру және салаға жаңа кәсіпкерлерді тарту мен қолдау тетіктері қамтылыпты. Заңды қараған сенаторлар құжатқа бірқатар түзету енгізіп Мәжіліске қайтарды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Заң аясында аквашаруашылық субъектілері мен олардың қызмет түрлері айқындалды. Сонымен қатар салаға жауапты мүдделі мемлекеттік органдардың құзыреттері реттеліп отыр. Аквашаруашылық субъектілерін мемлекеттік ынталандыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау шаралары да назардан тыс қалмады. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс берді.