Ет қымбаттауына не себеп?

  • 135
  • 26.05.2025, 18:36

Өзбекстандағы ет тапшылығы біздің елде де ет бағасын қымбаттатып жіберді. Әсіресе сиыр еті келісіне 3 мыңнан асса, сүйексіз жұмсағын алатын болсаңыз, 4 мыңдай теңгеңізді сайлай беріңіз. Үкімет ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру үшін малды Қазақстан аумағынан тысқары шығаруға шектеу қойса да, еттің бағасы бет қаратар емес.  

Елордамыздағы ет базарларында қазір кісі қарасы аз, себебі ет қымбат. Сатып алушылардың қайдам, сатушылардың өздері жаға ұстап отыр. Жыл басынан бері көтерме орталықтардың келетін еттің бағасы мың теңгеге дейін өскен. 

Иә, сиыр етінің қазіргі бағасы орташа нарықтық бағасы осы. Сатушылардың өздері қазір табыстан қағылып, там-тұмдап отырмыз дейді.  

Балқия Мұстафина, сатушы:

-Бұрын алу баға 2300 , 2200, 2100 болды ғой. 2000-нан алғанда 2350ден сататынбыз. 350 қоса алатынбыз. Қазір ондай жоқ. Түсетін пайдамыз шамалап қалды.

Ет базарға барып көзімізбен көргеніміз сол - Зеңгібабаның еті Қамбар атаны қуып жеткен. Оған не себеп? 

Мал ұстаушы ағайынның біразы малды елден тысқары шығаруға енгізілген шектеу шаралы дегенді айтып жүр. Еске салсақ былтыр қыркүйектен бері ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын шығаруға жартылай шектеу қойылды. Биыл ол сәуір айында тағы 6 айға ұзартылды. 

Мәрлен Оспанов, ҚР АШМ Сыртқы сауда басқармасының басшысы

-Ведомствоаралық комиссияның шешімімен 3 айға бұқашықтарды сыртқа шығаруға квотаны тоқтату бойынша тиісті шешім қабылданды. Бүгінгі күні 15 мамырдан 15 тамызға дейін сыртқа шығаруға бізде квота беруге тыйым салынып тұр.
 
Ауыл шаруашылығы министрлігінде түсіндіргендей, бұл шектеу шаралары сыртқа кетіп жатқан тірі мал саудасын бәсеңдету және ішкі нарықта ет бағасын тұрақтандыру үшін қолға алынып отыр. Алайда ет қымбат екенін көзімізбен көрдік, ал Өзбекстанға астыртын мал сату тоқтамаған сыңайлы.  

Қарлығаш Умирбаева, сатушы:

-Өзіміз құлағымызбен естідік, ауылдан келгендер де айтты, қорамыздан бағасына келіспей, аузымыздан шыққан бағамен алып кетіп жатыр деп айтады. Сол үшін баға күрт көтеріліп кетті

Өзбекстанда ет бағасы аспандап тұр. Белгілі болғандай алдыңғы жылдан бері Қырғызстанда бұл елге мал шығаруға шектеу қойыпты. Қазір қара мал етінің келісі 4700 теңге. 

Яғни байқасақ Өзбекстандағы көтерме баға айырмасының өзі бізден мың теңгеге жуық артық. Ауылдағы мал иесіне келісін 1800, 2 мыңнан базарға өткіземін бе, 3 мыңнан өзбектер алып кеткені тиімді ме деген таңдаудың тұруы да осы дейді біздің сатушылар. 

Қарлығаш Умирбаева, сатушы:

-Ауылдан келетін малдардың өзі келмей қалды ғой қазір. Аузымыздан шыққан бағаға алады деп келмей жатыр.  

Өзбекстанда баға жоғары, бірақ шығаруға шектеу бар. Нәтижесінде мал контрабандасы белең алғанын шекарашылар да қуаттайды. Мәселен, мамырдың басы Мақтаралда шекара қызметінің торуылшылары 250 бас қойды Өзбекстанға заңсыз өткізбек болғандардың жолын кесті. 

Төлеутай Рахымбеков, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы: 

-Мен 18-19 жылы айтқам. Мұны тоқтату керек. Тоқтатпаса, 5-6 жылдың ішінде біз еттің бағасын 5-6 мың теңгеден көреміз. Одан кейін тіпті қазақ бешбармаққа, ұлттық тағамымызға етті, өзбектің етін салатын боламыз. Бағасы 10 мың теңгеге жетеді дегенмін. Шеті міне келіп отыр, қазір 4 мың тг. 

Мемлекет шектеуді қойды, бірақ оны жолын тауын айналып өтіп жатқандардың жолын кесілмей тұр деген сөз. Айтпақшы мал санына келсек, 2024 жылы 10 млнға тарта ірі қара болса, қазір ол сәл азайып 9 млн-ның ар жақ бер жағында. 

Берік Дүйсенбай, Болотбек Табалдиев