Астанада балабақшаға баратын балалардың 40 пайызы, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда тәрбиеленіп жатыр. Себебі соңғы 8 жылда мұндай мектепке дейінгі мемлекеттік нысан салынбаған. Әрі елорданың кейбір ауданында мұндай ұйым тапшы. Мәселенің алдын алу үшін биылдан бастап мемлекеттік балабақша салу ісі қолға алынуда.
Балгүл Күнтупова немересін балабақшаға беруге дайындап жүр. Күн сайын аулаға алып шығып, өзі секілді бүлдіршіндермен ойнатады. Тек мектепке дейінгі мекеме үйдің жанынан табылса деген тілегі бар.
Балгүл Күнтупова, қала тұрғыны:
- Бір балам мектепке барайын деп отыр, бір балам балабақшаға барайын деп отыр. Үйдің қасында салынып жатыр. Қуаныштымын, бірақ енді барлығы толып қалды дейді, басқа дейді.
Әжейдің пікірін көршілер де қолдап отыр. Себебі өздері тұрып жатқан Нұра ауданында мемлекеттік балабақшамен қатар, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар да тапшы.
Бұл мәселеден қалалық білім бөлімінің мамандары да хабардар. Белгілі болғандай, Астанада 2017 жылдан бері бірде бір мемлекеттік балабақша салынбаған. Оның құрылысына бөлінетін қаражат әр балаға есептелініп, мемлекеттік тапсырыс ретінде жеке нысандарға беріліпті. Енді биылдан бастап бұл іс қолға алынып жатыр. Қазірдің өзінде үш мың орынға арналған 10 нысан тұрғызу жоспары бекітілген.
Лаура Алеуханова, қалалық білім басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Қазіргі таңда бізде 10 мемлекеттік балабақшалардың құрылысын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 5 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде екеуінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолдануға беруге дайын. Рұқсат қағаздарын дайындау үстіндеміз. Ал қосымша үш мемлекеттік балабақша осы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деген жоспар бар. Ар жағындағы бесеуі келесі жылдан бастап басталып жатса, оның да аяқталатын мерзімдерін хабарлайтын боламыз.
Жекеменшік балабақшалар қызмет көрсетуін жалғастырады. Әрі мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның бәріне бірдей жете бермейді. Себебі елордада бала туу, ішкі және сыртқы көші-қон көрсеткіші жоғары.
Қалада бүгінгі күні 653 мектепке дейінгі ұйым болса, соның 99 мемлекеттік, 551-і жекеменшік, ал 3-еуі ведостволық санатта 66 мың бала тәрбиеленіп жатыр. 32 мыңнан астам бүлдіршін кезекте тұр.
Мерген Абдиров, ҚР ОМ Мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы:
- Қадамдық жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін елімізде 300 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. 2025 жылы қадамдық жоспарға сәйкес, 548 мектепке дейінгі ұйым және 64 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарланды.
Балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту бойынша үшжылдық кешенді жоспар бекітілген.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Айтмағамбетов, Дархан Күнтуов