Қазақстанда 5 мың адам репрессияға ұшыраған. Отандық тарихшы-ғалымдар НКВД жасырған тың деректерді анықтады. Олардың айтуынша, репрессия – адамды сотсыз қамау, білім алу құқығынан шектеу, сондай-ақ мүлкін тәркілеу. Одан бөлек, аумалы-төкпелі заманда көп адамға жазықсыз «Халық жауы» деген айып тағылды.
Қазақ даласында XX ғасырдың басында үлкен өзгерістер болды. Жер мәселесі ушығып, Алаш қозғалысы мен азамат соғысы елді дүрбелеңге салды. Сол кезеңде Қазаннан білім алған Сағындық Жайлауұлы туған ауылына оралып, балаларды оқытуға күш салған.
Оспан Сүлейменов, Сағындық Жайлауұлының туысы:
-1931 жылы «Халық жауы» деп оның қолын кісендеп алып кеткен уақытта үйіндегілерді өртеп кеткен болып отыр ғой. Үйіндегі барын тартып, әкетіп отыр. Артында әйелі мен 4 баласы шырылдап қалады. Ол Карлагқа барғаннан кейін, оның 7 ағайындылардың соңына түседі ғой.
Амантай Сағындықов, Сағындық Жайлауұлының немересі:
-Мен барлығы 5 класс қана бітірдім. Сонда 5 классқа дейін менің тегімді 3 рет өзгертті. Какимов қылды. Біресе, Ахмедин қылды. Өйткені бабамның атында жүрсем, менің де соңыма түсіп алады.
Сағындық ауыл балаларының білімнен қол үзбеуін қалады. Сол арманын үлкен ұлы Омарға аманат етіп қалдырды. Бірақ 1932 жылы оны да билік тұтқындады. 5 жылдан кейін Алматыда «Халық жауы» деп атып тастады. Артында еш естелік қалмады. Кітаптары өртеліп, аты өшірілді. Осы кезеңде Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедұлы сынды талай алыптар да атылды.
Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
-Ең қызығы орталық комиттерден оларға 300 адамды ұстау керек деген кәдімгі нұсқаулар түсіп тұрған. Қазақстан Республикасының бірінші хатшысы Москваға хат жазған, сіздер берген цифр бізге аз болып көрініп тұр. Көбейтіңіз деп. Толтырмақ түгілі асырып отырды ғой. Кейбіреулер көшеде жүрген адамдарды ұстап алған ғой. Себебі тізімді толтыру керек қой.
Иә, бұл жылдары халық саны күрт кеміді. 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағында Қазақстанда 6 миллион 100 мыңнан астам адам болған. Ал арада 13 жыл өткенде адам саны өскеннің орнына кемігені көрініп тұр. Оның ішінде елге сырттан жер аударылғандар да бар еді. Мал шаруашылығы да күйреді. 1929 жылы 40 миллионнан аса мал басы болса, 4 жылдан соң небәрі 5 миллион қалған.
Сұлтан Хан Жүсіп, алаштанушы ғалым:
-1937 жылы халық санағы болды. Оны репрессияланған халық санағы деп атайды. Өйткені сол санақты жүргізген әкімдердің бәрін Сталин қудалап, қырып салды. Өйткені ол санақ бойынша Кеңес Одағының саны қатты кеміп кеткен. Санақ жүргізгендерді айыпты қылып, оларды атып тастады. Сол санақ бойынша 1937 жылы қазақтың саны 2 миллионнан сәл ғана асты.
Бұл лагерге Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары мен әйелдері осылай қорлықпен жеткізілді. Сонау 8 мың әйелдің бар айыптары «халық жауы» атанған туыстары мен күйеулерінен бас тартпағандығы еді.
-Осы өңірде бұрын ауыл болған. Одан кейін осы ауылға лагерь келуіне байланысты келесі ауылға көшірілген. Осы кормда жатқан аналардың көбі бала кезінде құрт лақтырған аналарымыз.
Биыл 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 28-ші рет аталып өтіледі. Бұл жай ғана дата емес. Бұл қасіретті жылдарға үнсіз тағзым. Өткеннен сабақ алып, болашаққа ойлы қадам жасауға үндейтін күн.
Диана Қадыр, Қанат Абильдин