Нартай Сәрсенғалиев ауыл мектебінің ахуалына алаңдаулы

  • 135
  • 11.06.2025, 18:43

Батыс Қазақстан облысында соңғы 3 жылда 12 бастауыш білім ордасы жабылғаны жайлы бұған дейін айтылған. Өңірде биыл тағы 1 оқу орнының таратылып, 6 орта мектептің негізгіге, ал 6 негізгі мектептің бастауышқа айналуы мүмкін. Бұл мәселеге депутаттар да назар аударды.

Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев пен Елнұр Бейсембаев шалғай ауылдардағы мектептер жабылса, шекара бойындағы елді мекендерден халық жаппай көшетінін айтып отыр. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі бекіткен нормативтерді өзгертуді ұсынды. 

Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Құрсай елді мекенінде халық саны жыл сайын кеміп барады. Кезінде ауылда 30 шақты үй болса, қазір небәрі 9 түтін қалған. Былтыр бастауыш мектеп жабылғасын медпункт те қызметін доғарған. Себебі фельдшер де көшіп кеткен.

Гүлбаршын Хайрушева, Құрсай ауылының тұрғыны:

- Балалары барлары бәрі көшіп кетті. Шамалы үй қалдық. 4-5 үй көшіп кетті.   Доғдырымыз жоқ, мектеп жабылған соң бала оқытатын жер керек болып көшіп кетті. Енді ауырғанда, укол алғанда Тайырға бару керек. Барғанда олар да болмай қалады, жан-жаққа кетеді. Уколдарын дер кезінде ала алмаймыз. 

Соңғы 3 жылда өңірде 12 бастауыш мектеп жабылған. Ал биыл тағы бір бастауыш мектеп таратылып, 6 орта мектептің негізгіге, 6 негізгі мектептің бастауышқа айналу қаупі бар. Оқу-ағарту министрлігі бекіткен нормативке сәйкес оқушы саны бастауыш мектепте 5, негізгі мектепте 41, орта мектепте 81-ден кем болмауы тиіс. Мәжіліс депутаттары осы мәселеге назар аударды.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 – Мемлекет басшысының ауыл мектептері туралы «Мектебі бар ауылда тіршілік бар деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады» дегені есімізде. Ендеше қағазға қатталған норматив салдарынан бастауыш мектептері жабылған 12 ауылда тұратын халықтың обалы кімге? Олар қайда барады? Қазір ауылындағы мектеп жабылған соң басқа елді мекенге мәжбүрлі түрде аттанған балалардың ата-аналары да көшіп жатыр. Ал адамы көшкен ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді. Соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. 

Депутаттар шекара бойында орналасқан мектептерді сақтап қалу үшін білім ордаларындағы оқушы саны туралы нормативті өзгертуді ұсынады. Алайда құжат қайта қаралғаннан адам саны артпасы анық. Өйткені былтыр жабылған 4 мектептің біреуінде бір бала, екеуінде екі бала ғана қалған. Мәселені оң шешу үшін алдымен шалғай ауылдан халықтың үдере көшуіне түрткі болар себептерді анықтау қажет, – дейді ел азаматтары.

Мәселен, Жәнібек ауданы Талов ауылында бір кезде 650 шәкіртке шақталған  мектепте 5 жыл бұрын 180 бала болса, күні бүгін 56 оқушы тәлім алады. 

Қымбат Жолдыбаева, Ғ. Сарыбаев атындағы орта мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы:

- Халықтың біздің ауылдан көшуіне байланысты басты себебі – жол қатынасы. Екінші осы 4-5 жыл турасында ақбөкендер, киіктер басты көкейтесті мәселеге айналды. Ауылда тұрған соң бәрінің атқаратын, ата-бабамыздан келе жатқан мал шаруашылығы ғой. Мал ұстауға, қысқы азық-түлігін қамтуда қиындық туғызғандықтан көшуге тура келді. Сондықтан бала саны күрт азайып кетті.

Жадыра Бекжанова, БҚО Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл мектептердің жабылуына, қайта құрылуына жібермеу мақсатында білім басқармасы тарапынан аудандық әкімдіктерге хаттар жолданып отырады. Оқушылар санын нормативке сәйкестендіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатта «Қаладан ауылға» жобасын жандандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынып отырмыз.

Өңірде 379 білім ордасының 206-ы оқушы саны 180-нен аспайтын шағын жинақты мектептер.  Соның  84-і шекара маңында орналасқан. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов