Президент халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы туристік аймаққа Үкіметтің назарын аударды. Атап айтқанда, қажетті инфрақұрылым, қызмет көрсету, қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қысқамерзімде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайы ретке келтіріліп, олқылық жіберген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Қазір әлеуметтік желілердегі көп контент осындай. Алакөл, Балқаш, Бурабай, Қатонқарағайда демалып жатқан ағайынның түрлі эмоциясы.. Әсіресе биыл еліміздің ең көрікті жерлерін халық жаппай бағалап, ғажабына таңдай қағып, жарнамалай бастады.
Ел аумағындағы демалыстың көрігі қызып жатқанының бір себебі - Таяу шығыстағы қақтығыс. Бұл геосаяси жағдай шетелге демалыс жоспарлаған талайдың жоспарын бұзды. Қазір ел ішінде Алакөл, Ақтау, Түркістанда демалып қайтуды қалайтындардың қатары көбейген.
Жайдарман Бұланбаева, туристік компания директоры:
- Алакөл немесе Ақтаудың өзінің 5 жұлдызды емес, жай отельдерін сұраған кезде үлкен сервисті күтпеңіздер деп айтып кетеміз.
Елдегі демалыс нысандарының сервисі көңіл көншітпейтіні рас.
Әлішер Тұрсын, Kazakh Tourizm ұлттық компаниясының департамент директоры:
- Ол кісілер мынау таяз ойлауы мүмкін. Жаздың екі айында шыққан шығындарын өтеу үшін бағасын арттырып жіберуі мүмкін
Еліміздің көрікті жерлеріне жету – ішкі туризмдегі басты проблема.
Әлішер Тұрсын, Kazakh Tourizm ұлттық компания департамент директоры:
- Мысалы, Алматыдан Көлсайға баратын болсаңыз, жол сапасы жақсы, Саты ауылынан Көлсайға барасыз ғой, Саты ауылынан Қайыңдығы баратын жолдардың сапасы сын көтермейді. Қайыңдыға баратын көлік түрлерінің сапасы сын көтермейді, уаз көліктеріне отырып көрсеңіз, экстрим.
Биыл Қатонқарағайда, Зайсанда, Маңғыстаудағы Кендерліде әуежай ашылады. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Нұржан Ескендіров, жоба жетекшісі:
- Жердің қыртысына баланысты қиындықпен бетпе-бет келіп жатырмыз, ұшу-қону жолағы болатын жерді 5 метр қазып, батпақты топырақтан тазарттық.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы туристік аймақтарға жеткізетін 2100 шақырым жол жөнделеді. Дегенмен жолдың жағдайына қарамастан, көркі көз байлайтын көрікті мекенді көруге ағылған жұрт көп.
Ұлжан Сұлтанғазықызы, Семей қаласының тұрғыны:
- Бізге жолдағы сервис нашар екен, жолда қол жуатын тамақ ішетін жерлер жиі болса, жақсы болушы еді.
Қатонқарағайға көбі әдемі табиғатты тамашалаумен қатар емделу үшін де келеді. Туристік компания директоры Ералы Тілеуіовтің айтуынша, біздегі емдеу-сауықтыру кешендерінің жарнамасы аз. Ресми тіркелген 350 емдеу-сауықтыру кешенінің көбінде тіпті сату бөлімі де жоқ.
Ералы Тілеуов, туристік компанияның директоры:
- Біз туризим бойынша 8 халықаралық ірі көрмеге қатысамыз. Соның біреуінде біздің емдеу-сауықтыру орталықтары, курорттық аймақтарымыз туралы айтылмайды. Негізі емдеу-сауықтыру орталықтары турист тартуға ғажап мүмкіндік.
Былтыр ішкі туристер саны 10 млн 500 мыңға жеткен. Ал шетелден 15 млн-нан көп саяхатшы келіпті. Көбі экологиялық турзимді жөн көрген. Сондықтан Үкімет ұлттық парктерді жақсартып, агротуризмді дамытпақ. Ол үшін ұлттық парктердегі жер телімдері 49 жылға дейін жалға бермек, фермерлерге өздеріне қарасты жерде агротуризммен айналысуға рұқсат етпек.
Мақпал Мадиярова, Қали Несіпбаев