Биыл елде ет экспортын ұлғайту жоспарланған. Алматы облысындағы шаруалар да бұл іске тас-түйін дайын.
Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелге тірідей 85 мың бас бұқа сатуға рұқсат берген. Осы жылғы квота мөлшері тамыз айының ортасында жарияланады. Мамандар: «Экспорттық квотаны белгілеу кезінде ішкі нарықтағы еттің құны мен жем-шөптің бағасы да ескеріледі», - деп отыр. Себебі сыртқа ірі қара көп сатылған сайын елде ет бағасы өсе түсетіні анық.
Қала іргесінде тұратын шаруалар шөптің бір түгі алтынға бағаланғанын айтады. Жемнің де құны арзан емес. Үкімет ет қымбаттап кетпесін деген мақсатпен бордақылау алаңдарына 5 пайыздық несие ұсынып отыр. Бұл ірі қара соңында жүрген шаруаларға аз да болса демеу.
Димаш Сыдықов, Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Ет экспортына келетін болсақ, облыс бойынша былтыр 10 мыңға жуықтай ірі қарамыз экспортталды. Атап айтқан жөн, көбісі көрші Өзбекстан мемлекетіне экспортталды. Биылғы жылға қазір экспорт тоқтап тұр. Бұл жаңағы биылғы жылға әлі квота берілген жоқ. Бағаға айта кететін болсақ, былтырғы жылы әсерін тигізді. Биылғы жылы сол еттің бағасы кішкене өсіңкірегеннен кейін биыл әлі экспорт тоқтап тұр.
Зеңгі баба төлінің жайын шын білетін Жайық Манасбаев шаруасын ширата түсті. Былтыр ішкі нарықты 500 тоннаға жуық етпен қамтамасыз еткен ол Қарасай ауданынан жаңа бордақылау алаңын ашты. Мұнда бір мезетте 2000 басқа дейін ірі қара бордақыланады. Орайы келсе экспортқа, қажет болса, ішкі нарыққа да өнім жөнелтпек.
Жайық Манасбаев, шаруа қожалық иесі:
- Әрине, экспортқа шыққан тиімді. Өйткені 100 теңгеге болсын қымбаттау, сосын бұл не үшін қымбат? Өйткені жағдай биыл осы Қазақстанда құрғақшылық, жемнің, шөптің бағасы шарықтап кетті. Бірақ оның бәрі елге қиындау болғанымен, бізге де қолайсыздау болып тұр. Бірақ оған қарамастан біз жұмысымызды істеп жатырмыз. Экспортқа шығаратындай 100 проценттік жағдайымыз бар, шығара аламыз. Өйткені біздің Қазақстанның еті – ең дәмді ет.
Қарасай ауданы биыл 28 мың тонна сиыр етін нарыққа шығармақ. Қазір мұнда 24 мыңнан аса ірі қара бар. Шаруашылықтар көбейіп келеді. Алайда қала іргесіндегі ауылдарда жайылым тапшы.
Сырым Жарқынбаев, Қарасай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Біздің ауданымызда өсім дегенді айта алмаймын. Себебі біз Алматы қаласының іргесінде болғандықтан, мына Іргелі, Райымбек деген мекендерде мал саны, ірі қара азаюда. Бірақ мына төменгі шаруа қожалықтарымызда мал басы қарқынды өсуде.
Бүгінде Алматы облысында 770 мыңға жуық ірі қара бар. Мамандардың мәліметінше, мал саны өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Қазақстан болашақта ет эскпортын жылына 50 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Ішкі нарықты қолжетімді етпен қамтамасыз етіп, экспортқа да шығару үшін мал басын әлі де көбейту қажет.
Алуа Ералықызы, Айдос Қалиев