Павлодардағы 6679 әскери бөлімінің сарбазы Әлихан Медеуұлы ерекше дауыс ырғағы мен мәнерлеп сөйлеу шеберлігімен көпке танылып үлгерді. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген ол бала кезінен көркем сөз оқуға құмар болыпты. Локомотив жүргізушісінің көмекшісі мамандығын меңгерген. Қазір Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп жүр.
Қатардағы жауынгер Әлихан Медеуұлының әуезді үні көпшіліктің жүрегін жаулаған. Тіпті оның дауысын, диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсататындар бар. Ал сарбаздың өзі оны біле ме? Павлодардағы 6679 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеп жатқан Әлиханның әскердегі бір күндік өмірімен таныстық.
Бүгін әскери бөлімде тазалық күні. Жас сарбаздар салтанатты ант беру рәсіміне қызу дайындалып жатыр. Мерекелік іс-шараларды жүргізу ерекше дауыс иесі Әлиханның еншісінде. Әлихан пародия жасап, түрлі мультфильм кейіпкерлерінің дауысын да салады. Оның жүректен шыққан қоңыр үні тыңдаған жанды еріксіз баурап алады. Талантына тәнті болған көпшілік әлеуметтік желіде жоғары бағасын берген.
Әлихан Медеуұлы, 6679 әскери бөлімінің сарбазы:
-Иә, Әнуарбек Байжанбаевқа көп кісі дауысымды ұқсатып жатыр. Мен ол кісіге ұқсататынын білген жоқпын. Инстаграмнан өзім де көрдім, танылып кетемін, Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсатады деген мүлдем ойымда болған жоқ.
Әлиханның әскерге келгеніне сегіз ай. Ол мұнда Отанға адал қызмет ету үшін келгенін айтады. «Темірдей тәртіпке бағынып, әрбір тапсырманы мүлтіксіз орындайтын жас сарбаздың жауапкершілігі өте жоғары»,– дейді әскери бөлімдегілер.
Ертіс Жамбылов, 6679 әскери бөлімінің екінші атқыштар ротасының взвод командирі:
-Қолынан келмейтін нәрселері жоқ. Саптық дайындығы болса да, атыс дайындығынан болса да өзін жақсы жағынан көрсетіп, жақсы тәрбие көрген және көп нәрсеге үйреніп жүр.
Әскери бөлімде әріптестері оны болашақ «диктор» деп атап кеткен. Әлихан болса теміржол саласында еңбек етіп, кәсіби білімін жалғастыруды көздейді. Дегенмен шығармашылықтан қол үзгісі жоқ. Айтуынша, адал еңбек пен өнер қатар жүрсе, нағыз жетістік сол болмақ.Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков