Еліміздің су саласында қазір 900-ге жуық маман жеткіліксіз. Алдағы 4-5 жылда тапышылық 2 мың адамды құрауы мүмкін. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді. Мұндай қорытынды ведмостваның филиалдарында жүргізілген талдау нәтижесінде алыныпты. Үкімет мәселені шешу үшін білім гранттарының санын арттырыпты. Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап жалақы көтеріледі.
Су маңызды шаруашылықтардың бірі. Аталмыш салада еліміз бойынша 10 мыңға жуық маман қызмет етеді. Олардың бірқатары бүгінде зейнет жасына жақындап қалған. Алдағы уақытта кадр тапшылығы туындайды деген болжам осы дерекке сүйеніп жасалыпты. Сондай-ақ жаңа нысандар бой көтереді. Оларды іске қосу, суды басқару және бақылау үшінде қосымша адамдар қажет. Ал салада қазірдің өзінде 900-ге жуық маман жеткіліксіз. Министрлік мәселені білім гранттарын артыру арқылы шешуге ниетті.
Ләззат Жүсіпова, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент директоры:
- 2025-2026 оқу жылына барлығы 1052 грант бөлінді. Бір жыл бұрын су саласының мамандықтарына 618 грант бөлінген болатын. Сондай-ақ су шаруашылығының кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтетін студенттердің саны артты. Салыстыру үшін өткен жылы практикадан 82 студент өтсе, ағымдағы жылы практикадан өткен студенттердің саны 339 болды.
Маманды даярлаған соң оларды ынталандыру қажет. Қыркүйек айынан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі деп күтілуде. Қанша пайызға екені пысықталуда. Айтпақшы су саласына қатысты мамандар да енді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатыса алады. Суды цифрландыру туралы да айтылды.
Сәкен Әтел, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент басшысы:
- Біздер 2030 жылға дейін 3500 км астам каналды цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы 5 канал бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осыған ұқсас жұмыстар Түркістан және Жамбыл облыстарында жүргізілуде. Одан бөлек су үнемдау технологиялары бойынша министрлік тарапынан барлық жағдай жасалуда. 2024 жылдан бастап мемлекеттік субсидия 50-ден 80 пайызға көтерілген болатын.
Мемлекет соңғы уақытта суды басқаруға да ерекше көңіл бөлуде. Иә, тіршілік нәрі де есепке алынады. Мәселен, биылғы суару кезеңі басталғалы бері Қазақстанда ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су пайдаланылған. Бұл көлемнің 90 пайыздан астамы елдің оңтүстігіндегі бес өңірге тиесілі.
Ердәулет Ыбырайұлы, Қайрат Ақтөреев