Ақтөбе облысында «Ауыл Life» жобасы басталды

  • 57
  • 29.07.2025, 18:50

Ақтөбе облысында «Ауыл Life» жобасы басталды. Қалада туып-өскен жастар ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысып жүр. Қаймағы бұзылмаған Қобда ауылына көшкен бозбалалар мен бойжеткендер үш күн бойы түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе жинайды. 

Ауылдың қым-қуыт тірлігі күнделікті төрт-түліктен басталады. Алдымен сауын сиырларды жайлау қажет. Таңсәріде шелек алып, қораға келген жастарды «Ақ мол болса, бақ мол болады» деп күтіп алған ақжаулықты әжелер сиыр сауып үйретті. 

Зәбира Шаншарова, зейнеткер: 

-Өзіміз жетпістен кетсек те, сиыр сауып, осы уақытқа дейін келіндерімізді үйреткен жағдайдамыз. Қазіргі жастардың да үйренуге өздерінің ынталары болуы керек. Сиырдан қорықпай, өздері келіп, сауып үйренген жөн. Ертең осы үйренген заттарының барлығы да тұрмысқа шыққан уақытта пайдалы болады.

Төрт түлікті өріске шығарып салғаннан соң жігіттер жағы көрігі қызған шөп шабу науқанына атсалысты. Колледждің соңғы курсына көшкен Жансейт Қуандықов елдің байсалды тірлігіне тәнтімін дейді. Диплом алған соң өңірдегі жанға-жайлы ауылдардың біріне көшуге дайын. Автомеханик мамандығы да сұранысқа ие. 

Жансейіт Қуандықов, студент:       

-Ауылдың техникасын жөндеуге менің қабілетім келеді. Яғни тракторлар, камаздар және тағы да басқа ауыр-ауыр техниканы жөндеуге болады. Ауылға келіп шағын СТО ашуға болады. Ауылда жұмыс бар екеніне көзім жетті. 

Қала жастарын қазақы салт, ғұрыппен таныстыратын «Ауыл LIFE» жобасының тағы бір мақсаты – өскелең ұрпақты ауылға тарту. Тұрғындардың шаһарларға үдере көшуін тоқтату. «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру.  

Самғат Артығалин, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы:

-Жыл сайын ұйымдастырғымыз келеді. Биыл бірге жатқызсақ, келесі жылы бес күндік, бөлек аудандарды алғымыз келеді. Яғни қыз балаларды бөлек ауданға, ұл балаларды бөлек ауданға. Бізде барлығы 12 аудан болса, соның барлығын да жыл сайын қамтығымыз келеді. Себебі кез келген қаланың түп-тамыры ауылдан басталады. Қазіргі жастар соның барлығын түсініп еңбекке жанын үйрету керек деп ойлаймын. 

Бұл жолы Қобда ауылында 25 жас бас қосты. Ер жігіттер шөмеле үйіп жатқанда сиыр сауған қыздар сүт айырып қаймағын алды. Қазақтың дарқан дастарқанында орны ерекше ұлттық тағам құртты жасады. Салт-дәстүр мен заманауи үрдісті ұштастыра білген жастар ауыл тірлігінің бейнеті мен зейнеті қатар жүретініне көз жеткізді. 

Ақмұнар Исатайқызы, қала тұрғыны:

-Қаймақ, сүт, ірімшік, құрт жасап отырып, соны жеке бренд етіп қалаларға жіберіп отыруға болады. Сондай өзіңнің брендіңді шығаруға болады. Мал өнімдерінен таза, табиғи өнімдерден тағам жасап. Қазір оған сұраныс өте көп және оның бағалары да жоғары.

Бірнеше күнге жоспарланған жоба аясында Қобда ауылының меймандары қой қырқу, ет жіліктеу мен шоққа таба нан басуды да үйренеді. Ауыл шеберлері қамшы өру, құмыра жасау, ұршық иіру сияқты ұлттық өнерден шеберлік сағаттарын да өткізеді. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов