Елдегі жастарды қолдау шаралары қандай?

  • 16
  • 12.08.2025, 18:52

Павлодарда өтіп жатқан екі күндік жастар форумына еліміздің әр өңірінен белсенді, еңбекқор әрі болашағынан үміт күттіретін 100-ден астам жас маман жиналды. Бұл форум Жастар саясатын дамытуға негіз бола ала ма? Жалпы елдегі жастарды қолдау шаралары қандай?

29 жастағы Бибінұр Байжігітқызы студент кезінен-ақ қоғамдық өмірге белсене араласа бастаған. Филология факультетін тәмамдаған ол әр ісін мамандығымен ұштастырып келеді. Бүгінде «Aqyl battle» атты республикалық жобаның авторы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен іске асқан бағдарлама жастардың танымын арттырып, білімін кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ Бибінұрдың басты мақсаты – қазақ тілін ғылымының, техниканың тіліне айналдыру. 

Бибінұр Байжігітқызы, «Болашақ Қазақстан» ҚБ жетекшісі:

-Ол бірінші IT стартап ретінде бастау алған. Яғни қазақтілді зияткерлік ойын. Қазіргі таңда телефондағы мобильді қосымшаны біз үлкен зияткерлік алаңға айналдырдық. Тек қазақстандық емес, түркі халықтары да кім қазақ тілін біледі, бәрі қатыса алады. Соңғы рет 5 мемлекеттен қатысты. Мен өзім болашақта Қазақстанның дамуына білім беру саласынан үлес қосамын деп ойлаймын. 

Елімізде жастарды әлеуметтік қолдауға ерекше мән беріліп отыр. Олардың басты мәселесі баспана болса, бұл да кезең кезеңімен реттеліп келеді. Мәселен, былтыр «Наурыз», «Отау», осы жылы «Жұмыскер» атты бағдарламалар іске қосылды. Бұл бағдарламалар арқылы 8 мыңнан астам жас баспаналы болды. Ал өңірлерде жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасы іске қосылды. «Жұмыс практикасы», «Жасыл ел» сияқты еңбекке баулу шаралары да жетерлік. Сонымен қатар Жастар саясаты да қалыптасып келе жатыр. Бүгінде елімізде 234 жастар ресурстық орталығы бар.   

Біржан Әлімжанов, ҚР МАМ Жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасары:

-Біріншіден, салалық заң бар, Мемлекеттік Жастар саясаты туралы. 2023 жылы аталған бағыттағы жұмысты жүйелендіру, үйлестіру мақсатында 2029 жылға дейінгі арнайы тұжырымдама қабылданды. Соның негізінде тек үлкен қалалар мен облыс орталықтарында емес, ауданның деңгейінде де Жастар ресурстық орталығы деген құрылымдар бар. Сонымен бірге мәслихаттар мен мәжілісте жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Осы қадамның өзі жастардың қоғамдық-саяси өмірге араласуына жасалған жағдай. 

Бүгінде елімізде 6 млн-ға жуық жас өмір сүруде. 14-35 жас аралығындағы әлеуметтік топқа мемлекет тарапынан баса мән беріліп келеді. Сол себепті де Neet санатындағы жастар саны да едәуір азайған.

 Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазы