Жолдау: кәсіп аш та, табыс тап

  • 16
  • 01.09.2025, 19:42

Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ниет білдіргендерді қашан да қолдап келеді. Президент әр жылдардағы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән береді. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланғандардың көбі қазір жеке кәсібін ашып, кейбірі жаңа мамандықты да меңгеріп жатыр. Соның бір тобы Абай облысында. Өңірде жыл басынан бері 204 адам қайтарымсыз грант алып, бизнеске қадам басқан. Кәсіптік оқудан өтіп жаңа мамандық алғандары да аз емес.

Самал Жұғұбаева бұған дейін аспаз болған. 50-ден асқан шағында жаңа кәсіпті меңгеруді ұйғарыпты. Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, қысқа мерзімді оқудан өтті. Енді ол кәсіби шаштараз. Самалмен бірге оқуға барғандардың бәрі бір ұжымда жұмыс істейді. Әрқайсысы күніне бес адамға дейін қабылдай алады.

Самал Жұғұбаева, Семей қаласының тұрғыны:

- Үкімет бізге үш ай 85 мыңнан жалақы төледі. Ол бізге үлкен қолдау болды. Үш айдан кейін бізде практика болды. Қарттар үйіне шаш қиюға көмек ретінде бардық. Содан кейін осы жерде акциямен қабылдадық. Жасқа мүлдем қарамау керек. Қолдан келсе, қалау болса ары қарай жүріп үйрену керек. 

Кәсіби оқу мерзімі – 3 ай. Алғашында қатысушылар теориялық білім алады. Екі айда тәжірибелік дағдыларды меңгереді.

Еркебұлан Тұрсын, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Негізінде қысқа оқыту курстары екі түрде өтеді. Бірінші жұмыс берушінің өтініші негізінде оқыту орталықтарында ұйымдастырылады. Екіншісі, жұмыс беруішінің базасында ұйымдастырылатын оқыту курстары бар. Жалпы кез келген азаматты жұмыспен қамту мақсатында еңбек мобильділігі және мансап орталықтары әрбір қала, ауданда халықпен тығыз жұмыс жасап жатыр.

Жыл соңына дейін 300-ден астам жұмыссыз азаматты оқуға жолдау жоспарланып отыр. Қазір кез келген адам мемлекеттік қолдаудың көмегімен өз ісін аша алады. Тек тың идея мен ниет танытса болғаны. Былтыр облыс бойынша 300-ге жуық адам кәсіптік оқытудан өтсе, соның 238-і жұмысқа орналасыпты. Биыл 23 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы