«Қазақы ит тұқымдары» ұлттық орталығында таза қанды 100 тазы бағылады. Бұл оларды іріктеп, селекциялық жұмысты ғылыми жолға қояға мүмкіндік береді. Бұл туралы орталық басшылары хабарлады. Қазақ халқы жеті қазынаның бірі санайтын құмай тазы темір дәуірінен бері аңшылық мақсатта қолданылып келеді. Иесіне адал жануарды бабаларымыз үйге де кіргізген. Өлсе, ауызына май салып, табалдырыққа жерлеген.
Алматы қаласының тұрғыны Ернар Мүптекеев 20 жылдан бері тазы бағып, тұқымын көбейтіп келеді. Қазір оның ауласында 1 күшіктен тараған 17 иті бар. Әу баста аңшылықтан басталған хобби кейіннен қазақ тазысын көбейтуге ұласыпты. «Құмай тазыны асырау аса жауапкершілікті және қаражатты талап етеді», - дейді аңшы. Мысалы, әр иттің тамағына орта есеппен айына 20 мың теңге кетеді екен. Одан бөлек аптасына екі рет аң қуып немесе жүгіртіп тұру керек. Ернар Муфтекеев қазақ тазысының ерекшеліктерін де алыстан анықтай алады.
Ернар Мүптекеев, тазы асыраушы:
- Мына тазыға қарасаңыз, таза стандарт міне, құлағы, басы, бойы, кеудесі кең, төрт саусақ сияды мына жерден, құйрығы тірсектен кем болмау керек. Осы стандартқа келетін мына тазы.
Жеті қазынаның бірі – тазы күзден бастап іріктеледі. «Қазақы ит тұқымдары» ұлттық орталығы өңірлерді аралап, таза қанды тазыларды жіпке тізе бастаған. Бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өткен иттер ғана ұлттық орталықтың қамқорлығына алынады. Жетісу облысында салынып жатқан орталықта 100 тазы асырау жоспарда екен.
Жақып Есболаев, «Қазақы ит тұқымдары» ұлттық орталығының басшысы:
- Осы қыркүйек айында бірінші жоспарланған құрылыстың нысаналары іске беріледі. Тазыларға арналған 5 павильон іске беріледі. Содан кейін әкімшілік ғимарат бар, жатақхана бар, сосын ветеринарлық клиника бар, изолятор, карантин, асхана, қойма сондай ең алғашқы қандай қажет дүниелер бар.
Тарихшы-этнографтардың айтуынша, қазақ халқы темір дәуірінен бері тазыға айырықша құрмет көрсеткен. Жеті қазынаның бірі атанған итті сатпаған. Қаласа, иесінің алдынан өтіп, итаяққа сүт құйып, жолын жасап, күшігін алған екен. Яғни тазы қаражатпен емес, құрметпен бағаланған.
Бағашар Қожахметов, «Ғылым ордасы» РМК Археология музейінің меңгерушісі:
- Тазыға ұқсас прототиптер, сүйек қалдықтары Алматы облысындағы Түрген өзенінің маңындағы ерте темір дәуіріндегі ескерткіштерден шығып отыр. Оны белгілі зоолог ғалымдар талдаулар жасап, қазіргі заманғы тазылардың сүйектерімен өте ұқсас екендігін дәлелдеді. Ал көркем бейнелерде, жартастағы суреттерде қазіргі заманғы тазыларға өте ұқсас бейнелер мына ерте темір дәуірінің соңындағы ғұн, сармат кезеңінде анық көріне бастайды.
«Тазы – Италақаздың жұмыртқасынан пайда болған» деген аңыз бар. Содан да болар халық арасында әлі күнге дейін «Құмай тазы» аталып келеді.
Айта кетейік, қазақ тазысы жарғақ құлақты және шашақ құлақты болып екіге бөлінеді. Қазір ел арасында шашақ құлақты тазы көп кездеседі екен.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев