Су дипломатиясы мамандарына сұраныс артады

  • 24
  • 09.09.2025, 19:37

Алматыдағы бірнеше университет су дипломатиясы магистрлерін дайындайды. Су дипломатиясы – халықаралық құқық, дипломатия, экология және цифрлық технологияны біріктіретін жаңа мамандық. Трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, бөлу және оны қорғау жөніндегі келіссөздер мен мемлекеттердің бірлескен шешімдерін жүзеге асырады. Әзірге осы салада біздің елімізде білікті мамандар жоқтың қасы. Сондықтан  су дипломатиясы кадрлары қажет. Президент оны күні кеше жасаған Жолдауында нақты айтты.

Алматылық Алина Тұрғанбек су дипломатиясы бойынша білім алып жатқан санаулы жастардың бірі. Өзі Сәтбаев университетінің инженерлік геология және гидрогеология мамандығын бітіріп шықты. Одан кейін жаңадан ашылған су дипломатиясы бойынша магистратураға оқуға түскен. Енді трансшекаралық өзен-көлдердің жағдайын зерттеп қана қоймай, көрші елдермен тіршілік нәріне қатысты келіссөз жүргізуді де меңгереді.

Алина Тұрғанбек, Су дипломатиясы магистранты: 

- Көктемде қар еріген кезде судың артық мөлшерінен су тасқыны қаупі туындайды, ал жазда қатты ыстықтың әсерінен судың булануы экологиялық су тапшылығына алып келеді. Мұндай апаттардың алдын алу үшін біз су қайдан келеді, қайда жиналады, жерге қалай сіңеді және қайда кетеді деген маңызды сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. 

Су дипломатиясы магистрін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де дайындайды. Биыл бір адам құжат тапсырған. География ғылымдарының кандидаты Шәмшагүл Маштаева климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсері мен гидрологиялық болжамды 40 жылға жуық зерттеп келеді. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы. Осында әріптестерімен бірге су дипломатиясы бойынша магистрлік бағдарламасын жасауға атсалысты. Айтуынша, қазіргі өзен-көлдерге қатысты халықаралық деңгейде мәселе шешіп жүрген мамандарда су ресурстары жөнінде базалық білім жоқ. Ал магистратура соның орнын толтырады. 

Шәмшагүл Маштаева, «Су дипломатиясы» жобасының үйлестірушісі:

- Биыл біз дайындаған су дипломатиясы бойынша оқу бағдарламасы тек Қазақстанға арналған. Яғни, өз еліміздің мамандарын дайындауға бағытталған. Сонымен қатар, атап өтер жайт – біз Еуроодақтың «Erasmus+» бағдарламасына конкурсқа қатысып, жоба ұтып алдық. Бұл жоба су дипломатиясы бойынша мамандар даярлауға арналған. Егер айырмашылығы қандай деп сұрасаңыз, Erasmus+ аясындағы бағдарлама Орта Азия елдеріне арналған. Яғни гидрологиялық су дипломатиясы бағытында магистранттарды даярлауға бағытталған. Бұл жобаға бізден және Өзбекстаннан екі университеттен серіктестер қатысуда. 

Су дипломатиясы магистріне гидролог, ирригация, суды жабдықтау мамандарымен қатар экономист, саясаттанушы, халықаралық құқық бойынша білім алғандар да түсе алады. Болашақ магистрлерді География және Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары бірлесе дайындайды.  

Гүлнара Байкүшікова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы:

- Су дипломатиясы қақтығыстардың ықтималдығын азайтады. Бұл тек мемлекетаралық деңгейдегі келіссөздер ғана емес, сонымен қатар суды әділ және ашық басқаруға мүмкіндік беретін бірлескен технологияларды, жобаларды, цифрлық платформаларды әзірлеу. Бүгінгі таңда су тапшылығы жаһандық сынаққа айналғанда бұл ұдайы дамудың, азық-түлік қауіпсіздігінің және аймақтық тұрақтылықтың кілті болып отыр. 

Қазақстан үшін су дипломатиясы кадрларын даярлау – стратегиялық қажеттілік. Елімізде 20-дан аса трансшекаралық су көзі бар. Олардың дені көрші елдерден бастау алады. Сондықтан суды бөлу және пайдалану мәселелері қауіпсіздікке, экономикалық дамуға және тіпті әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей байланысты. Осы мақсатта ел мүддесін сауатты  келіссөз жүргізушілер мен сарапшылар, яғни су дипломатиясының мамандары қорғайды. Сондықтан болашақта осы мамандықты меңгеретін жастардың саны да артатыны сөзсіз.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов