Қазақстанда салынатын АЭС-тің бірі Абай облысында пайда болуы мүмкін. Бұған қатысты істі МАГАТЭ ұйымы мақұлдаған. Парламент Мәжілісінде «ТМД-ға мүше мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау жөніндегі» заң жобасы қаралды. Құжат депутаттар тарапынан жан-жақты талқыланды.
Заң жобасын Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев таныстырды. Белгілі болғандай, Қазақстан тек ірі уран өндіруші ғана емес, сонымен бірге маңызды транзиттік торап. Ядролық өнімдер, материалдар ел аумағы арқылы өтетіндіктен қоршаған орта қауіпсіздігіне қатер төнбеуі үшін келісілмеген тасымалдарды болдырмау қажет.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Осы келісімге 2020 жылы қол қойылған. Не себепті келісімді ратификациялау рәсімі 5 жыл бойы жүргізілмей келген? Бүгінгі күні ТМД-ға қатысушы елдердің қайсысы осы ратификациялады және жалпы сол мемлекеттердің қайсысымен Қазақстан радиоактивті материалдарды импорттау, экспорттау және транзиттеу жұмыстарын жүзеге асырады деп ойлайсыз?
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы:
-Шынымен де келісім 2020 жылы жасалып, 2024 жылы ғана күшіне енді. Үш мемлекет қол қойғаннан кейін ғана іске асады. Қазір Ресей, Беларусь, Қырғызстан қол қойған. Біз алдын ала келісілген ратификациялық кестеге сай жүріп келеміз. Ал тасымалдайтын заттарға келсек, уран өнімі, шикізаты және өндіріске қажетті препараттар жатады.
Депутаттар қауіпсіздікті қамту жағы қалай болатынын сұрады. Алмасадам Сәтқалиевтің мәлімдеуінше Қазақстан былтыр уран өндіру көлемін 2023 жылмен салыстырғанда 10% арттырған. Ал ТМД келісімі уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимылды белгілейді. АЭС құрылысына қатысты журналистердің сауалына жауап берген атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы екінші нысан Алматы облысының Жамбыл ауданында салынатынын айтты. Ал, тағы бір станция Абай өңірінде пайда болуы мүмкін. Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы:
-Абай облысындағы Курчатов алаңы АЭС салуға болатын орын ретінде қарастырылып отыр. Бұған дейін халықаралық сарапшылардың қатысуымен жан-жақты бағалау жүргізілді. Нәтижесінде, ол жерге атом нысанын тұрғызуға мүмкіндік бары нақтыланды. Бірақ бұл Үкіметтің жоспары мен энергетикалық балансқа сай және ұлттық электр желілерінің қажеттілігіне орай нақты белгілі болады. Әлі жұмыс жүреді. Әзірге АЭС құрылысына қатысты жоспар жоқ. Бірінші атом электр станциясының атауына қатысты 20 мыңнан астам ұсыныс түскен. Оларды тиісті комиссия қарап жатыр. Бұдан өзге, Мәжіліс отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан арасында қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық орнату мәселелері қаралды.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
-Онда ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік, террористік және экстремистік қылмыстар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткі құралдарының психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы. Заңсыз көші-қон және адам саудасы саласында екі елдің құзыретті органдарының қарым-қатынасын дамыту көзделеді.
Сондай-ақ бүгін Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы заң жобасы қаралды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин