«Достық-Мойынты» желісі арқылы тауар тасымалы 5 есе артады

  • 8
  • 01.10.2025, 19:36

Себебі кеше ғана Мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған желі тауар тасымалын 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. 543 млрд теңге жұмсалған ауқымды жоба.

«Достық-Мойынты» бағытындағы екінші темір жолдың ұзындығы 836 шақырым. Желі Жетісу, Абай, Қарағанды облысының аумағымен өтеді. Шойын жолды тартуға үш жылға жуық уақыт кетті. 

Саят Бакиров, компания бас директорының орынбасары: 

-Ерекшелігі осы жобаның құрылысына 100% отандық құрылыс материалы пайдаланылды. 600 арнайы техника 3 мың адам бүкіл мердігер ұйымдарды қоса кетсек, 6 мың адам қосылды. Тағы да елімізде бірінші рет өзіміз отандық микропроцессорлық теміржолды басқарудың МПС KZ жүйесін іске қостық.

Ауқымды жоба теміржолдың мүмкіндігін арттыруға ықпал етті. Мәселен, осыған дейін «Достық-Мойынты» арқылы тәулігіне 12 жүк пойызы жүрсе, енді аталған көрсеткіш 60-қа дейін жетеді. Яғни тауар тасымалы бес есе көбейіп отыр.  
 
Айдос Досжанов, Жетісу облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:  

-Облысымыздың мыңнан астам адамы жұмыспен қамтылып, қазір 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш теміржол саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Теміржол желісі ашылғаннан кейін өзге де инфрақұрылымдар қарастырылатын болады. Жаңа көлік логистикалық орын ашылады деген үміттеміз. Сонда біздің өңірдің экономикасы ілгерлейтін болады. 

Екі ел арасындағы тауар айналымы бір күнде осындай деңгейге жете қалған жоқ. Алыс-берісті жақсарту жұмыстары сонау тоқсаныншы жылдары қолға алынды. «Достық» станциясы ашылғаннан бергі оң өзгерістерді қарт теміржолшылар жақсы біледі.     

Аманбай Төлеуіш, ардагер теміржолшы:  

- 1992 жылы тәулігіне 2 пойыздан, 3 пойыздан жүре бастады. Сүйтіп мынау жүк алу, беру қарқыны ҚХР-мен жылына 10-15% өсіп отырды. Содан 2012-2013 жылдары біз жылына 24 млн жүк алмасатын жағдайға жеттік. Бұл үлкен көрсеткіш. 

«Достық-Мойынты» жобасы мұнымен тоқтап қалмайды. Саладағылар енді жаңа желіні қытайдың теміржолымен түйістірмек. 

Фархат Исаев, облыстық кірістер департаментінің бөлім бастығы:    

-2022 жылы достықтағы теміржол бекеті арқылы «Достықта» орналасқан орташа есеппен 500 теміржол көлігі қатынаса, биылғы таңда 2025 жылы 850-900 темір жол көлігін құрайды. Осы жобаны Қытай тарапымен келістірген жағдайда бұл көрсеткіш 1650 теміржол көлігін құрайтын болады. 

Көршілес екі елдің теміржолын 2026 жылы жалғау жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқанда тасымалданатын тауар көлемі көбейіп, еліміздің транзиттік әлеуеті еселеп артады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев