Қазіргі ақпарат майданында жалған ақпарат аз емес. Ал жалған ақпарат – қоғамға қауіпті індет. Ол адамдардың дұрыс шешім қабылдауына кедергі келтіріп, қоғамда үрей мен сенімсіздік тудырады, тіпті әлеуметтік қақтығыстарға әкелуі мүмкін. Демек, біздің отандық ақпарат алаңымыз қаншалықты қауіпсіз болып тұр?
- Жалған ақпарат өте көп. Мысалы алсақ, сап-сау адамның суретін салып, қаражат жинап, ол онкологиямен ауырады десе, қарапайым халық маған ақша жібереді. Ол рас па, өтірік пе ешкім талқыламайды да.
- Біреуі көлігін ойнатып жатады. Біреуі басқасын ойнатып жатады. Одан кейін ойнатқан дүниелері өтірік болып жатқаны түсінікті болып жатады,.
- Мен басқа ақпараттарды міндетті түрде қараймын. Интернетті ашып, ол шын ба екен деген сияқты.
Біздің кейіпкер де, ешкімге алданбаймын деп ойлаған. Бірақ әлеуметтік желідегі қосымша табыс туралы хабарлама алдынан бір емес, мың рет шыққан соң, тәуекелге барыпты. Нәтижесінде ақша табамын деп, 3 мың АҚШ долларынан қағылып отыр.
- Бір күні ұялы телефонымды шұқылап отырып, криптовалютаның бірлескен саудасына адам іздейміз деген хабарламаны көрдім. Бірнеше келісім шарт жасалды. Біз ақшаны биржаға жүйе арқылы, әмиян арқылы аудардық. Мен өз әмиянымның нөмірін бердім. Алайда басқа да мәліметтерді, құпия сөзді берген жоқпын. Дегенмен, әмияндағы ақша жоғалып кетті.
Әлеуметтік желілерде кей мәселелер шындыққа жанаспайды және де нейрожелілер мен дипфейктердің дамуына байланысты манипуляция қаупі де артуда.
Маржан Бахтиярқызы, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі:
- Бірқатар қазақстандық БАҚ-та Қазақстаннан Өзбекстанға бензин экспортталып жатыр деген ақпараттың таралғанын тіркеді. Энергетика министрлігі бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарып, Қазақстаннан жанар-жағармай материалдары экспортталмайтынын, елде мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынатынын мәлімдеді. Өкінішке орай біз кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратты уәкілетті органнан нақтылап алмай, тексерілмеген деректерді тарату үрдісін байқаймыз.
Орталық коммуникациялар қызметінін жанынан Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы іске қосылғаны белгілі. Соңғы екі айда ел үшін маңызды 12 жалған ақпарат ресми түрде жоққа шығарылған.
- Дереккөздерді зерттеу барысында бейнежазбаның Қазақстанға қатысы жоқ екендігі анықталды. Ол – «Қырғызфильм» киностудиясының «Баткен» көркем фильмінен алынған үзінді. Қолданушыларды шатастыру мақсатында материал авторлары бейнежазбаға қазақ тілінде дыбысты қосып, дауыстаған.
Шындыққа сәйкес келмейтін, қоғамда үрей тудыратын немесе беделге нұқсан келтіретін мәліметті таратқаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Олар 980 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Салдары ауыр болса, қылмыстық жаза да жоқ емес.
Шұғыла Тұрлыбек, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:
- Көрнеу жалған ақпаратты таратқаны үшін Қылмыстық кодексте 274-бап бар. Бұл жерде әрине іс-әрекеттің ауырлық түріне қарай жаза түрі тағайындалады. Ол жерде үлкен айыппұлдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болуы мүмкін.
Жыл басынан бері 1 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 51 адам айыппұл төлеген.
Авторлар: Алуа Маханбет, Болотбек Табалдиев, Ерзат Зайытхан.