«Құрылыс кодексі» мақұлданды

  • 10
  • 08.10.2025, 19:30

Атышулы әрі керемет кодекс. Мәжілісте «Құрылыс кодексі» бірінші оқылымда мақұлданды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленген заңға халықтың талап тілегі, базынасы мен бұйымтайының негізінде мың жеті жүзден астам ұсыныс енгізілген. «Құрылыстың сапасынан бастап, қауіпсіздігі мен баяндылығына дейінгі барлық процесс әділдікке құрылуы тиіс»,– дейді депуттар.   

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Керемет кодекс болып шығып жатыр. Біз бірінші кезекте азаматтардың талаптарын орындау, қазір көп кезде бизнестің соңғы жылдары жағдайын ойлап кеттік қой. Әр жерде салады. Қауіпсіздік жоқ, ыңғайлылық жоқ. Әйтеуір бизнес, үй салып, ақша тапса болды.  

Бұл пленарка отырысына кіріп бара жатқанда айтқан депутат сөзі. Астана суық болғанымен, Мәжілістің іші қызу пікірталастан қайнап тұрды десе болады. Құрылыс кодексі алғаш рет Мәжіліске келгенде оны 3 заңды біріктіре салған деп сынаған Бақытжан Базарбек те құжатқа ат қойған екен.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бүгін біз атышулы құрылыс кодексі жобасын бірінші оқылымына шығардық. Құрылыс саласында заң үстемдік ала ма, әлде 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан ашкөз құрылыс компаниялары мен олардың Үкіметтегі лоббистерінің ығында әлі де жүре ме деген сұраққа жауап береді. Адамды, халықты 1 орынға қоятын уақыт келді.  

Мәселен, тау бөктерлерінде, тектоникалық жарықтарда яғни қазақша айтқанда зілзала кезінде қара жер қаққа айырылатын аумақтар ғой, соған 4-қабатқа дейін құрылыс салуға рұқсат беріліп келген. Ал өркениетті елдерде ол жоқ. Депутат баяндама жасаған министрдің жауабына шамасы қанағаттанбай төрағаның ашуын келтірді.  

Жаңа Құрылыс кодексіне бағыттарына қарай Базарбектен бөлек басқа депутаттар да нормалар енгізген. Мәселен, былтыр құрылыс компанияларын тұрғын үймен бірге қажетті балабақша мен мектеп және емхананы қатар салуға міндеттейтін түзету қабылданды. Бірақ мәжілісмен Асхат Аймағамбетов оның бүгінгі кодекс жобасынан көрініс таппағанына налыды. 

Депутаттар енгізген 1500 түзетудің ішіндегі қоғамдық бақылау тетігін ең маңыздысы деуге болатын шығар. Енді елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспарларын халық бақылайды. 

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

-Мен сіздерге бір цифр айтайын, барлық экспертизаның 86% жекенің қолына кетіп қалған. Мектептер ауруханалар, өздері сызады, өте сапасыз шығып жатыр. 2-3 жылдан кейін бұзылып жатыр. Өте ыңғайсыз, міне біз қайтадан мемлекеттік бақылауда орнына келтірдік. Енді 40% дейін, әсіресе 5 этаждан жоғары мектептер, ауруханалар, өте қауіпті құрылыстарды біз тек қана мемлекеттің экпертизасынан шығарамыз. Үйтпесек болмайды, бизнес бізге ренжіп атыр және айтады біз енді қалай ақша табамыз? Біз айттық, қауіпсіздікті біз сатпаймыз.  
 
Мәселенің шешімі кодекске норма боп кірді. Құрылыс салуға лицензия енді қағаз жүзінде үлестірілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерге біріктілірген электронды тізілім құрылады. Құрылыс компаниясының қажетті техникасы, инженер жобалаушы т.б. білікті мамандарының бар жоғы енді көпшілікке көрнекі болмақ. Сондай-ақ тапсырылған нысанға енді кепілдік беру мерзімі 2 жыл еді, 10 жылға дейін ұлғаяды. Гаджет екеш гаджетке 3 жыл кепілдік беріледі, оның жанында бұл халық тұратын тұрғын үй ғой. Енді құрылыс талаптарына сай емес нысандар қабылданбайды. Бүгінгі пленарлық отырыста лобби мәселесі де көп айтылды. Олигархтардың мүддесіне жол беріліп келгендіктен, көп қаланың келбеті бұзылды, халықтың әлеуметтік талабы ескерілмеді. Бақытжан Базарбек лоббистер әлі де бар дейді.  

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Қалталы үлкен құрылыс компаниялардың мұңын жырлап жүрген шенеуніктер. Қылмыстық іс қозғау қажет болған жағдайларда қылмыстық істі қозғамай тексерісті жасамай жатқан құқыққорғау органдары және олардың мұңын жырлап жүрген лауазымды тұлғалар. Міне осылар лоббистер. Ең біріншіден халықтың жауы.   

Бүге шүгесіне дейін талқыланған атышулы «Құрылыс кодексіне» депутаттар 1700-ден астам түзету енгізген. Айтпақшы бүгін бірінші оқылым, мәжілісмендер қызу пікірталастан соң құжатты мақұлдады, бірақ екінші оқылымға дейін тағы да толықтыратын тұстар бар екенін ескертті. Егер Бақытжан Базарбек айтқандай халық мүддесін 1 орынға қоятындай тетіктермен толықса, онда Мұрат Әбенов айтпақшы шын мәнінде керемет кодекс болайын деп тұр. 

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков