Мамандардың айтуынша, бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ең төмен көрсеткіш. Себебі биыл 600 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Бұған қоса электронды еңбек биржасында 65 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр. Бүгінгі нарыққа қандай мамандар қажет?
Бұл елорданың еңбек нарығындағы ахуал. Халқы миллионнан асатын қалада биыл 2400 адам жұмысқа орналасыпты. Ал қазір 18 мың адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. Түгел жетпес, дегенмен бос орындар әлі де бар. Себебі ұсынысты бәрі бірдей қабылдай бермейді.
Олжас Омар, «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры:
- Ең бастысы — жалақының төмендігі. Екіншіден, қызмет көрсету саласындағы жұмыстың ауырлығы. Ол сатушы, балабақша тәрбиешісі, дәрігер немесе басқа жұмысшы мамандықтар болсын, осы орындар көбінесе бос қалады.
Қазақстандағы қалаларда жоғары сұранысқа ие мамандықтар тізімінде автобус жүргізушісі, арнайы техника машинисі, тракторшы, дәнекерлеуші де бар. Ауылдық жерлерде кен жұмысшысы, электрослесарь, жүктеу техникасының машинисі, электр-газ дәнекерлеуші, құрылыс монтаждаушысы сияқты шеберлер жеткіліксіз.
Айтпақшы, Астананың тамақтану саласында да кадр тапшы.
Вероника Дауғалиева, ҚР Қоғамдық тамақтану өзін-өзі реттеу ұйымының төрағасы:
- Бұрын аспаз бір ауысымда 13-15 мың теңге алатын, қазір 20 мың. Яғни жалақымыз өткен жылмен салыстырғанда өсті. Алайда қызметкер әлі де жеткіліксіз. Ешкім аспаз болуды үйренгісі келмейді. Даяшылар да уақытша жұмыс жасап кетіп қалады. Сондықтан мәселе өте өткір, кадр тапшылығы қатты байқалуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылы 600 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның 153 мыңы – субсидияланатын жұмыс орындары. 142 мыңы электронды еңбек биржасы арқылы қамтылыпты. Ал 28 мыңы мемлекеттік жобалар бойынша еңбекке тартылған. Басқа жобалар аясында 283 мың адам екі қолға бір күрек тапқан.
Дәл қазір еліміз бойынша шамамен тағы 65 мың жұмыс орны бос тұр. Айтпақшы, Қазақстанда өзге мемлекеттерден келген 185 мың мигрант еңбек етіп, нәпақа табуда.
Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев