Егемендік декларациясына 35 жыл

  • 8
  • 24.10.2025, 19:30

Бұл осыдан 35 жыл бұрын қабылданған еліміздің Егемендік туралы декларациясының көлемі. Өзі шағын болғанымен, ол тарихи маңызы бар құжат. Декларацияда Қазақстанның саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Аумағымыздың тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, мәдениет, дәстүр мен тілді дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. 

Ел тәуелсіздігіне қатысты құжаттар Тұңғыш Президент музейінде сақтаулы тұр. Бұл жәдігерлер осы жердің тұрақты экспозициясы. Бізді Егемендік туралы декларацияның мазмұнымен музейдің жетекші сарапшысы Қайыржан Қоңыршин таныстырды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз құқықтық жүйесін қалыптастырудың негізгі іргетасы саналады.

Қайыржан Қоңыршин, ҚР Тұңғыш Президенті музейінің жетеші сарапшысы:

- Егемендік туралы декларация болашақта тәуелсіздік туралы заңға негіз болған болатын. Онымен біздің музеге келген қонақ танысуға мүмкіндігі бар. Әр бөлімінде қандай мағына жатқанын, қабылдағанын көруге мүмкіндіктері бар. 

Тап осы құжатта елдің саяси, экономикалық, мәдени дербестігі заңды түрде бекітілді. Сондай-ақ өзінің ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік органдары, қаржы-несие және салық жүйелерінің жұмысы айқындалды. Сарапшылардың айтуынша, бұл еліміздің егемендікке жету жолындағы негізгі қадамы, берік іргетасы.

Ерік Ахметов, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы:

- Кезінде осы декларацияның арқасында Қазақ ССР халықарлық аренада дербес субъект  ретінде танылды. Ішкі және сыртқы саясатты дербес жүргізу, ұлттық валютаны енгізу, меншік түрлерінің теңдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы көптеген маңызды сұрақтарды қамтыды.

Атап айтсақ, жер, оның қойнауы, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді. Құжатта халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл ғылыми-техникалық әлеует қамтылды. Декларацияда елдің төл мәдениеті мен дәстүрін, тілін жандандыру және дамыту негіздері де айшықталды.

Дулат Құсдәулетов, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері:

- Біздің мемлекеттің бағыты қандай болатынын, оның ішінде биліктің үш тарапта бөлінетіні айтылған. Бүгінге дейін декларацияның айтылған бағыттары қазір іске асырылып жатыр деп айтуға болады. 

Қазақстан алғашқы жылдардан-ақ БҰҰ-ға толыққанды мүшесі атанды. Одан кейінгі кезеңде 30 астам аймақтық және халықаралық ұйымдармен екіжақты және көпжақты келісімдер жасап, жаһандық институттармен ынтымақтастық орнатты. Ал 2022 жылдан бері 25 қазан Республика күні – ұлттық мереке ретінде атап өтілуде.

Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов, Самат Оспанов