Әсіресе тұтынушылық несие артып, 14 трлн теңгені еңсерген. Бұл тым көп. Мәжілісмендер осы мәселені көтеріп, несиені рәсімдеу шартын қайта қарау туралы мәселе көтерді. Депутаттар банктердің де мемлекет алдындағы берешегі барын еске салды. Олардың кейбірі 2045 жылға дейін деп триллиондаған көмек алған екен.
Депутаттар несиенің өзіне емес, оны рәсімдеу талаптарындағы жүйесіздікке қатты ашынды. Жағдайды түзеуге қатысты бұған дейін 28 ұсыныс айтыпты. Бүгін де қарап қалмады. Бекітілген бір сағат жетпегендіктен, қосымша уақыт сұрап сөйлегендер болды. Талқылау бөлімі де тартысты өтті. Депутатардың айтуынша, қазір банктер пайда табу үшін төлем қабілеті төмен азаматтарға несие рәсімдеуді әдетке айналдырған.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер азамат 400 мың айлығы болса, қарызды 200 мыңнан асырмау керек. Өткенде бір банк қызметкері: «Қанша заң қабылдасаңыздар да бәрібір», - деді. Бізге банк басшысы: «Бере беріңдер, тоқтамаңдар, тексермеңдер», - деп айтты. Міне айлығы сәйкес келмейді. Қалай тіркейсіздер? Білесіз ғой оның төлей алмайтынын. Қалай ұяттарыңыз жоқ осындайда азаматтарымызды қарызға кіргізіп.
Не керек, қазір елде 8,5 млн адамның берешегі бар. Олардың банктер алдындағы қарызы 23 трлн теңгеге жеткен. Әсіресе тұтынушылық несие артып, 14 трлн теңгені еңсеріпті. Бұл тым көп және пайыздары аса жоғары. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны шектеу бойынша қабылданған шараларды баяндады.
Мәдина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Тамыз айында шағын несие ұйымдарында бір күнге «просрочка» болса, кредит бойынша оған да кредит беруге тиым салынды. Осы қазан айында банктерде «просрочка» 30 күн болса, бұрынғыдай 90 күн емес оғанда тиым салынды кредит беруге. Одан басқа біз кредиттің максималды мерзімін белгіледік. 5 жылдан астамға тұтынушылық кредит беруге тыйым салдық.
Банктердің де берешегі бар. Олар мемлекетке қарыз. Нақтырақ айтсақ, осыдан біраз жыл бұрын қаржы нарығын нығайту, экономиканы жандандыру сияқты міндетпен қомақты көмек алған. Соны қайтаратын уақыт жетті.
Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- RBK Bank алған 244 млрд теңге көмегінің 48 млрд теңгесін қайтарып берген болатын. «Нұрбанк» 47 млрд теңге алды. Jusan bank, қазіргі Alatau City Bank ол 1 трлн теңгеге алды. Оның 100 млрд теңгесін ғана қайтарды. 2045 жылға дейін әлі 860 млрд теңге қарыз. Сонда 1 трлн теңгені Үкімет 30 жылға беріпті.
- Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, осы банктердің қарызды қайтаруы бойынша шараларды қабылдады. Олар 2045 жылға дейін ұстамайды, олар мерзімінен бұрын қайтаратын болады.
Айта кетейік, бүгінге дейін 2 банк аталмыш қарызынан құтылыпты. Екеуі жартылай төлеген. «Қарызы қомақты төрт банк бар», - дейді мамандар.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин