СҚО-да кәріз тазалау станциясы 7 жыл бойы іске қосылмай тұр

  • 8
  • 24.11.2025, 19:37

Салдарынан 12 мың тұрғыны бар Ғабит Мүсірепов ауданның орталығынан шыққан қалдық су ауыл шетіндегі тоғанға төгіліп жатыр. Әу баста Қазақстанда баламасы жоқ экологиялық пилоттық жоба ретінде басталған заманауи коммуналдық нысанның құрылы неге созылып кетті? Ел игілігіне қашан беріледі?

Бұл елде «жабық  үлгіде» салынған жалғыз кәріз тазалау станциясы. Құрылысы 2018 жылы басталған. Сол кезде жобаның жалпы құны 3,3 млрд. теңгеге бағаланды. Бүгінге дейін мердігерге қаржының 95 пайызы берілген. Десе де нысан әлі күнге дейін ел игілігіне жарамай тұр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл станция тәулігіне 3 мың текше метр кәріз қалдығын қабылдап, тазартуы тиіс. Ол 4 кезеңнен тұрады. Ең соңында тазартылған ағын су Есіл өзеніне төгіледі.

Жоба «Экологиялық мәселелерді шешудің кешенді жоспары» жол картасы аясында қаржыландырылды. Бұл жерде кәріз қалдықтарын тазартатын озық қондырғылар орнатылған. Одан бөлек, Новоишимка ауылында 4 сорғы станциясы салынып, 24 шақырым магистральді желі тартылды. Қазір жергілікті әкімдік құрылыстың сапасына күмәнмен қарайды. Сондықтан сот-құрылыс сараптамасы тағайындалды.

Қайрат Сейітқожаев, СҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы:

- Жоба бойынша қылмыстық құқық белгілері анықталды. Сондықтан да біз бұны бүкіл материалдарын жинап, облыстық прокуратураға жібердік. 95 пайызы проектке ақшасы берілген. Сондықтан да 95 пайызы берілгенімен, бірақ қорытындысы, не нәтижесі жоқ. Объект іске қосылмаған.

Облыстық тексеру комиссиясы аудит қорытындысы бойынша бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Әрі жобаның техникалық –экономикалық негіздемесі расталмаған. Ал мердігер мекеменің өкілі: «Жұмысты қағаздағы жоба бойынша 95 пайызға аяқтадық», - дейді. 

Аян Дүйсекин, кәріз тазалау станциясының учаске бастығы:

- Біз проект бойынша берілген тапсырысты аяқтадық. Мынау 4 КНС реконструкциядан олар біздің сетьке қосылу керек. Оларды «пусконаладка» жүргеннен кейін мұнда бүкіл районның канализациясы осы жерге келу үшін біз оны қосу керекпіз. Ол тек қана «пусконаладкадан» кейін қосылады. Қабылдағаннан кейін.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай үлгідегі кәріз тазалау станциясы негізінен ірі қалаларға арналған. Ал аудан орталығында бар болғаны 12 мың адам тұрады. Оның үстіне әу баста станцияға зертхана қарастырылмаған. Ал бұл экологиялық талаптарға сай келмейді. Әкімдік осы мәселелерді шешу жоллдарын қарастырып жатыр. 

Ерлан Аманжолов, Ғабит Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл нысанға қатысты аудандық әкімдікпен 2026 жылға дейінгі «Жол картасы» әзірленді. Ол бойынша жобаға қосымша өзгерістер енгізіліп, кәріз тазалау жүйесін толық іске қосу жоспарланып отыр. Оған бөлек байқау жарияланады.

Аудан орталығындағы кәріз желілері 1963 жылы салынған. Қазіргі таңда құбырлар әбден ескіріп, жиі сыр береді. Ал ағын сулар ауыл шетіндегі тоғандарға төгіледі. Оның тазалау жүйесі істемейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков