Кей учаскелерде жұмыс тіпті басталмаған. Сенаторлар осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысына депутаттақ сауал жолдады. Халық қалаулары жеделсатылардың тозуы мен оған бақылау жасайтын мамандар тапшылығы мәселесін де көтерді.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Сенат күн тәртібіне сай жиында алдымен су тапшылығы мәселесі қаралды. Қазір еліміздегі суару жүйелерінің 60 пайызы тозған. Сондай-ақ ауылдық жерлердің 40 пайызы орталықтандырылған тіршілік нәріне қосылмаған.
Жалпы алғанда Қазақстанда су тапшы, тәуекел көп. Тәуекел деп тұрғанымыз тек егінді суаруға қатысты емес, ауызсудың сапасы да мамандарды алаңдатып отыр. Егер оның ағыны нашарлап ластанар болса, 35-тен астам инфекциялық ауру таралуы мүмкін. Сондықтан су – әлеуметтік және стратегиялық маңызды тауар. Сенат шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғауға қатысты тағы бір халықаралық құжатты мақұлдады. Қазақстандықтар тұтынатын тұщы судың шамамен жартысы сырттан келеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мақұлданған хаттама су шаруашылығы қызметін басқаруды ұжымдық негізде жетілдіру үшін әзірленген. Құжат тараптардың су экожүйелерін қорғауға және сумен байланысты аурулардың таралуының алдын алуға бағытталған бірлескен шараларын қамтиды. Олар ауызсу көзі ретінде пайдаланылатын су ресурстарын ластанудан қорғауды қамтамасыз етуді көздейді.
Сенаторлар жолдардың жағдайына да алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда «Қызылорда-Жезқазған» бағытын жаңарту жұмыстары Ұлытау облысы аумағында баяу жүріп жатқандығын сынға алды. «Осы өңірге қарасты ұзындығы 208 шақырым болатын учаскедегі бірнеше лотта қаржы игеру деңгейі өте төмен. Асфальт-бетон зауыттары жоқ. Техника мен материалдар жетіспейді. Кейбір тұста негізгі жұмыстар мүлде басталмаған», - дейді депутат Серік Шайдаров.
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мұндай қарқынмен 2025 жылы жоспардың орындалуы мүмкін емес. 2025 жылы жасай алмаған жұмыстардың барлығы 2026 жылға ауысатыны айдан анық. Министрлік пен мердігер ұйымдар арасындағы үйлестіруді күшейту, ал жұмыс барысына бақылауды қатаңдату қажет. Сондай-ақ Премьер-министр жағдаймен тікелей танысып, жобаны жеке бақылауына алса екен.
7 мың жеделсатыны қолдану мерзімі біткен
Лифт қауіпсіздігі де Қазақстанда өткір тұр. Бұл туралы сенатор Бекбол Орынбасаров мәселе көтерді. Оның айтуынша, қазір салаға талдау жасайтын кадр тапшы. Мысалы, Астанада 10 мың жеделсатыға тұрғын үй инспекциясының екі өкілі ғана бақылау жүргізеді. Ал облыстардағы мекемелерде бұл бағытта жұмыс істейтін мамандардың тиісті білімі жоқ. Еліміздегі лифт паркінің тозғаны бұған дейін де айтылған. Қазір 7 мыңға жуық жеделсатыны пайдалану мерзімі аяқталған. Болжам бойынша әрбір оныншы лифт – трагедияға душар етуі мүмкін.
Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов