Тасқа қашалған көне суреттер ұлттық парктің ерекше қорғау аймағына жақын жерде орналасқан. «Сол себепті де жақсы сақталған», – дейді ғалымдар. Көне дәуірдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімін айшықтайтын белгілер енді картаға түсіріліп, ғылыми негіздемесі мен құжаттары дайындалмақ.
Петроглифтер Алтынемел асуының Шолақ шатқалындағы жартастарға салынған. Сондықтан оған жету оңай емес. Ұлттық парктің туристік орталығынан бір сағаттан аса жол жүріп, тауға көтерілгенде ғана көне дәуірдің суреттерін көруге болады.
Ғылыми жобалармен айналысатын еріктілер мына бір ғана жақпартастың бетінде 50 шақты петроглифтің бар екенін анықтаған. Мұнда негізінен жан-жануарлар және адамдардың бейнесі салынған. Көне суретттер ерте қола дәуірінен бастап ХVІІІ ғасыр аралығын қамтиды деген болжам жасап отыр.
Қоғамдық бірлестік өкілдері бұл кешенді кездейсоқ тапқан. Себебі суреттер күн түскенде ғана көзге анық көрінеді. Мамандар бұл жердегі көне тұрақтар мен қорымдарға қарап, төрт мың жыл бойы құтты қоныс болған деген қорытынды шығарып отыр.
Ольга Гумирова, қоғамдық бірлестік жетекшісі: -Адамдар қола дәуірінен күні бүгінге дейін осы жерді мекендеп, шаруашылықпен айналысты деуге болады. Салынған суреттерде ерте кездегі кісілердің наным-сенімі байқалады. Мысалы, әйел адамның дүниеге сәби әкеліп жатқан сәтінде оны қорғау рәсімдері көрініс тапқан. Ал ешкі мен лақтың суреті Ұмай анаға арналған. Тибет монахтарының жазуы да табылып отыр.
Жетісу облысында көне петроглифтер көптеп кездеседі. Кейінгі жылдардың өзінде Талдықорған қаласы, Қаратал, Ақсу, Сарқан, Ескелді аудандарының аумағында тасқа қашалған суреттер шоғыры табылды.
Ольга Гумирова, қоғамдық бірлестік жетекшісі:-Өте үлкен аумақта зерттеу жүргіздік. Көксу өзенінің бойында Қызылағаш, Аманбөктер, Қапал ауылдарының айналасында, Баянжүрек және Дегерес деген тауда болдық. Қазір жиналған мәліметтердің барлығын Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтқа өкізіп жатырмыз.
Аймақтағы тарихи нысандарды анықтауға мәдени мұраларды қорғау орталығының қызметкерлері де атсалысып жатыр. Былтыр олар Ақсу ауданы және Талдықорған қаласының аумағындағыларды тізімге алған.
Ғалымжан Оспанов, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры:-Биылғы жылы Сарқан ауданына 20 млн теңге бөлініп, құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Сарқан ауданында бізде тізімде қырық ескерткіш болса, барлау нәтижесінде 100-ге жуық ескерткіш бола ма деген болжам бар. Арнайы лицензиясы бар археологтар сол жұмыстарды жүргізіп жатыр. Келесі жылы бізде жоспар бойынша Көксу ауданын толық құжаттандыру жұмыстарын жүргізсек пе деп отырмыз.
Сонымен қатар сала жауаптылары Көксу өзенінің бойындағы Ешкіөлмес петроглифтер кешенін құжаттандырмақ. Тарихи нысан ретінде тіркеген соң мемлекет қорғауына алып, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізуді жоспарлап отыр. Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев