Сарып, қой күлі, дерматит, құс тұмауы сияқты 20-дан астам ауру түрі жануарлар арасында жиі кездеседі. Оларды алдын алу және емдеу Сенатта өткен Үкімет сағатында талқыланды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды мәселе. Ветеринариядағы күрделі түйткілдің бірі – маман тапшылығы.
Төрт түлік өсіру – ата кәсіп. Алайда оны бұрынғыша жем-шөп берсек болды дейтіндер қателеседі. Қазір климаттың өзгеруі, халықаралық сауданың артуы сияқты факторлардың әсерінен жануарлар арасында аурулардың таралуы жылдам. Дүниежүзінде оның 90-нан астам қауіпті түрі бар. Ал елімізде 23 ауруға қатысты вакцина салынады. Үкімет сағатында осы екпенің жайы талқыланды. Мамандар бұл бағытта оң ілгерілеу бар дейді. Бізде қолданылатын вакцинаның 75% отандық өнім. Бірнеше жыл бұрын ол 25% ғана болыпты. Мадина Абаева, Ғылыми орталықтың өкілі:- Біз сексенге жуық препарат шығарамыз. Оның ішінде елуге жуығы ветеринариялық препараттар және отызға жуығы диагностикалық тест жүйелері болып табылады. Біздің Қазақстан ғалымдары алдына қойған мақсаты шетелдерден вакцинаға мұқтаж болмауы. Бағасының актуальды болуы. Барлығы мемлетке пайдалы болуы үшін жұмыс жасап жатыр. Мал дәрігерінің айлығы 425 мың теңге болады Дәрінің мәселесі реттеліпті. Алайда оны уақытында егіп, төрт түліктің жай-күйін бақылайтын мал дәрігерлер тапшы. Орташа жасы 50-дің шамасында. Тіпті бірнеше ауылға бір ғана ветеринар қызмет көрсететін өңірлер бар. Маман дайындайтын жоғарғы оқу орындары бар болғанымен, мал дәрігері болғысы келетіндер аз. Бұл бірінші кезекте жалақының төмендігімен байланысты. Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі: - Еңбекақыға 22 млрд ақша бөліп отыр. Ауылда бір ветеринар врачтың айлығы 425 мың болады деп отырмыз. Республикалық комиссия мақұлдады. Оған ветеринарлық пункт салып беруіміз керек. Оның жұмысын жеңілдету керек. Бүгінгі таңда оның бәрі жоқ болғаннан кейін үй жағалауға мәжбүр болып отыр. Қазақстанда ірі қара мен ұсақ мал басының жалпы саны 35 миллионнан асыпты. Саланың дамуын, онда қызмет ететін мамандарды қолдау және материалдық-техникалық базаны нығайту 2023 жылға дейінгі тұжырымдамаға енгізіліпті. Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин