Әңгіме Қазақстан меншігіне кіретін ғимараттар жайлы болып тұр. Мәжіліс тиісті келісімді ратификациялады. Жоспарға сәйкес олар 2029 жылға дейін 3 және 4 жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізілуі тиіс. Болжам бойынша мұндай жаңғыртудан кейін отандастар ол жерде жыл бойы демалу мүмкіндігіне ие болады. Сәйкесінше нысанның табысы да артады. Сондай-ақ Мәжіліс бүгінгі жалпы отырыста 2025 жылды қорытындылады.
Ыстықкөлдегі 4 шипажай тақырыбы көтерілгенде мәжілісмендердің бірқатарын Қазақстанның оған не қатысы бар деген сұрақ мазалады. Баяндамашы алдымен соның басын ашып берді. Жер толықтай көршіміздікі. Еліміз оны 49 жылға жалға алған. Соған сәйкес, ғимаратты күтіп ұстау, жұмысын үйлестіру – Қазақстандық тараптың міндеті.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Біріншісі ҚР Президентінің Іс басқармасы қарамағындағы «Қазақстан» санаторийі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Самал» демалыс базасы мен «Университет» спорт лагері. Туризм және спорт министрлігінің «Олимп» демалыс базасы.
Аталмыш ғимараттар кеңес үкіметі кезінде салынған. Қазір әбден ескерген. Сондай-ақ жаз мезгілінде спортшыларымыздың оқу-жаттығуы үшін шамамен екі ай ғана қолданылады. Оны қонақүйге айналдырсақ, нысан жаңарады және жыл бойы адам қабылдауға мүмкіндік туады. Сәйкесінше табысы артады. Бүгінгі келісімге сай, алдағы төрт жылда осы міндетті іске асыру көзделуде.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:
- Біз талдау жасаған кезде спортшыларымыз Қырғызстан аумағындағы өзге нысандарда жаттығу үшін шамамен 1,5 млрд теңге жұмсайтынын анықтадық. Егер олар өзіміздің нысанда дайындалса, демек аталмыш қаржы сол жерге жаратылады. Яғни экономикалық тиімділігі айқын көрініп тұр. Біз инвесторға соны түсіндірдік. Сондай-ақ олар шипажайдың жанынан қосымша заманауи нысандар салуға міндеттеме алуда.
Мәжіліс жылды қорытындылады
Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс жылды қорытындылады. Биыл 100 заң қабылданыпты. Олардың қатарында су, бюджет, салық, құрылыс және цифрлық кодекстер бар. Сондай-ақ жасанды интеллект, луодамания және интернет алаяқтығымен күресуге арналған құжаттар дайындалды. Сол арқылы азаматтарымызды қорғау күшейтіліп, банктердің жауапкершілігі арттырылды.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысал айтайын. Бір құрылысшы адам келді. Бір сағаттың ішінде 5 банк жеті кредит берген. Қанша алдына барды, болмады. Сосын біз үйреттік. Сен былай арыз жазшы, кім берді, қай күні? Видео бар ма мен келген. Мен ауданда болдым. Қалай мен бір сағатта 5 банктен ала аламын? Тексеріп бастадық. Бүкіл бес банк «списанияға» шығарды. Солай ізденуіміз керек. Құқығымызды қорғайық.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қабылданған заңдар мемлекетіміздің одан әрі дамуына жағдай жасап, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігі тигізері анық. Нормалардың бірқатарын депуттардың бастамалары арқылы іске асыра алдық. Бұл құжаттарда халық пен мемлекет мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етіліп, бизнесті дамытуға жағдай жасалды.
Енді депутаттар өңірлерді аралайды. Сол сапар аясында қабылданған заңдар қоғам өміріне қаншалықты әсер етіп жатқанын бағалап, тұрғындар және еңбек ұжымдарымен кездеседі. Олардың ұсыныс тілектерін жинау арқылы мәселені Үкіметке жеткізеді. Сондай-ақ түйткілдерді шешуге құқықтық негіз қалыптастырады.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков