«Мұнда келудің қажеті жоқ». Мәжілістің жалпы отырысында Ерлан Қошанов сауда вице-министріне осылай деп қатаң ескерту жасады. Өйткені бүгінгі отырыста көтерілген тақырыпқа толық дайын болмаған сияқты. Сұраққа мардымды жауап бере аламай, арасында күрсініп те алды. Спикерге мұнысы ұнамады. Жиын соңында әдеттегідей депутаттық сауалдар қойылды. Жақында ғана өңірлерді аралап келген мәжілісмендер балалар арасындағы ойынқұмарлық, кинотетрлардың үстемдігі, орден мен медальдің саудалануы сияқты мәселелерді көтерді.
Мәжіліс жаңа жылдағы алғашқы жиынында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі өзара сауда мәселелерін талқылады. Оның ішінде өнімінің шығарылған жерін айқындау, куәландыру тетіктері қаралды. Негізгі баяндамада нақты сандар, Қазақстан үшін ұтымды тұстар ашып айтыла қоймады. Содан да болар, депутатар тарапынан нақтылау сипатындағы сұрақ көп болды.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков қойылған сұрақтарды да жөнді түсінбей, дұрыс жауап бере алмай, қайта-қайта тосылды. Мұны аңғарған Мәжіліс спикері оған ескерту жасады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Депутаттардың қойып жатқан сұрақтары заң жобасының аясында ғана. Бұл сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Бұл сұраққа «мен куратор емеспін» дейсіз. Бұл жерге келген министрліктің өкілі барлық сұраққа жауап беруі керек. Әйтпесе бұл жерге келудің қажеті жоқ. Басқа вице-министр келуі керек. Сіздің күрсінісіңізді біз жауап деп қабылдай алмаймыз.
Медаль алмаған кім қалды?
Жиын соңында депутаттық сауалдар қойылды. Мақсат Толықбай «Медаль алмаған кім қалды?» деген тақырыпты көтерді. Оның айтуынша, бүгінде түрлі қоғамдық ұйымдар медаль, орден мен атақтарды ашық әрі жасырын түрде сатып, оны табыс көзіне айналдырған.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» және «Ұлт ұстазы» сияқты атақтар 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сатылады. Мәселе марапат алуда емес, оның қандай жолмен, қандай негізде беріліп жатқанында. Бұл салада құндылық жоғалып, «марапат» пысықайлардың бизнесіне айналған.
Кинотетрлардың үстемдігін тоқтату қажет
Ал Елнұр Бейсембаев болса, еліміздегі ірі кино желілерінің қазақстандық фильмдерге әділетсіз талап қойып отырғанын айтып ашынды. Олар прокаттың алғашқы күнінен бастап кассалық түсімнің 50 пайызын алып отырады екен. Барлық шығынды өзі көтеретін фильм авторлары, режиссерлер мен продюсерлер содан қалғанын амалсыз қанағат тұтуда.
Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Бүгінгі кинорынокты санаулы желілер бақылауда ұстап отыр. Олар экранды, прайм-таймды, тіпті қай фильм көрерменге жететінін өздері шешеді. Бұл әділ бәсеке емес, бұл – нағыз монополиялық саясат. Мұндай жағдайға антимонополиялық органның немқұрайлы қарамауы тиіс.
Елнұр Бейсембаевтың пайымынша, Қазақстанда негізінен комедиялардың түсірілуі осы себеппен байланысты. Оны жасау арзандау. Ал тарихи, мәдени маңызы бар тақырыптарға жұмсалған фильм шығынын ақтау қиын.
Ал депутат Үнзила Шапақ балалардың онлайн ойын платформаларын тексеру керек деген бастама көтерді. Олар ұсынған контент балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін. Мұны сарапшылар да айтуда. Түркия, Катар, Иран сияқты мемлекеттерде ондай платформалар бұғатталуда. Мәжілісмен: «Біз де бұл мәселені назардан тыс қалдырмайық», - дейді.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин