Алматыдағы ең көне ғимарат – «Қызыл таң» маталар үйі бұзылмайтын болды. Бұл мәселе қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының алаңдаушылығын тудырған еді. Қала әкімдігінің қарауына өткен нысан жыл соңына дейін толықтай қайта жөндеуден өтеді. Мемлекеттік маңызы бар сәулет ескерткіші жаңғыртудан кейін қай бағытта жұмыс істейді?
Жібек жолы мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан бұл ғимаратты білмейтін адам кемде-кем. Іргетасы 1896 жылы қаланып, Верный қаласының орталық сауда үйі ретінде ашылған бұл нысанды дәулетті көпес Ысқақ Ғабдулуалиев өз қаржысына салдырған. Төменгі қабаты бар ғимарат іргетасының мықтылығынан екі ірі жерсілкінісінен аман қалған. Алайда 130 жылдық тарихы бар үйдің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді.
Ерлан Давов, «Алматы туризм бюросы» ЖШС басқарушы директоры:
- «Қызыл таң» ғимараты 20 жылдан астам уақыт бойы «Қызыл таң» ЖШС-не инвестициялық жұмыстар жүргізу шартымен берілген. Алайда осы жылдар ішінде ешқандай инвестиция салынбаған, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Нысан жеке бизнес ретінде пайдаланылған. Қазіргі таңда ғимараттың жағдайы өте нашар, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
«Шежірелі шаһардың тарихынан сыр шертетін ғимарттың мұндай күйге түсуіне сенімгерлік басқаруға алған жеке компания кінәлі», - дейді Ерлан Давов. Келісімге сәйкес, компания ғимартқа қаражат салып, талапқа сай ұстауға міндеттелген. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Нысанды үшінші тұлғаларға жалға беріп отырған. Тіпті кейбір сәулеттік ерекшеліктері жойылған.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Ерекше архитектуралық ғимарат 2009 жылы болған өрттен аман қалған еді. Дегенмен толықтай ағаштан салынған нысанның шатырына әжептеуір зиян келген. Ыстың иісі әлі де сезіледі, ал ағаштары құлаудың алдында тұр.
Көп жылға созылған сот процесінен кейін нысан қала әкімдігінің балансына қайтарылды. Қайта жаңғырту жұмыстарына қала бюджетінен 572 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстары барысында қаланың тарихи орталығындағы ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері толықтай сақталады.
Дана Қазбекова, Туризм басқармасы креативті индустрияны дамыту бөлімінің басшысы:
- Реставрация жұмыстары аяқталғаннан кейін ғимараттың қызметі өзгеретін болады. Ғимарат креативті ашық хаб ретінде ұсынылады. Креативті хабта біздің резиденттер – олар дизайнерлер, қолөнершілер, сәулетшілер конкурстық жүйе арқылы орын ала алады.
Қала қонақтары қазірдің өзінде бірегей ғимараттың жанына аялдамай өтпейді. Қайта жаңғыртудан кейін нысан туристер үшін тартымды мәдени орынға айналмақ.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев