Газет-журнал архивтерін цифрландыру мәселесі көтерілді

  • 283
  • 02.02.2026, 21:40

Бүгін – Ұлттық басылым күні. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында отандық газет-журналдарды сақтау мен цифрлық форматқа көшіру мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Сенаторлар халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, аудандық және жергілікті баспасөз архивтерін онлайн сақтау көптеген елде ұлттық маңызы бар стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Ал өңірлерде соңғы үш жылда жабылған 600-ге жуық басылымның тағдыры не болмақ? Ұлттық ақпараттық мұраны сақтауда қандай нақты қадамдар жасалып жатыр?  

Газет-журналдар қайта өрлеу кезеңіне қадам басты. Бұл туралы Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты. Енді заман талабына сай баспасөзді цифрландыру – оқырманмен байланысты сақтаудың басты шарты. Осы бағытта «Ұшқын» атауымен шыққан, бүгінде «Egemen Qazaqstan» атанған басылымның 100 жылдық мұрасы цифрлық форматқа көшірілді. Алдағы уақытта архив дербес интернет ресурс ретінде қолжетімді болмақ.

Қамбар Ахмет, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары:

-Біздің «Egemen Qazaqstan» газетінде биылдан бастап баспа редакциялық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл газетке мақалалар дайындалғаннан кейінгі безендіру, беттеу және баспаханадан шыққанға дейінгі барлық үдерісті қамтитын жүйе. Осы бағытта цифрландыру мәселесін қолға алдық. Қазіргі таңда жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Күнделікті газет жарық көрген күні оның PDF нұсқасы сайтқа жүктеледі. Бұдан бөлек, барлық мақалалар сайтқа жеке-жеке орналастырылады. Әр материал айдарлар бойынша жүйеленіп жарияланады.

Одан бөлек «Қазақ газеттері» медиахолдингіне қарасты «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Балдырған» секілді онға жуық басылым кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. Ал сенатор Бибігүл Жексенбай өңірлік және аудандық баспасөз архивтерін сақтау мәселесін көтерді. Ресми дерекке сай, былтыр елде 200-ден аса газеттің қағаз нұсқасы жабылған.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Дәл осы басылымдарда жарияланған материалдар көптеген өңірлер үшін баламасы жоқ тарихи, құқықтық және әлеуметтік дереккөз болып табылады. Қағаз нұсқалардың жабылуы мен редакциялардың таратылуы, архивтердің жүйесіз жойылу қаупін күшейтіп, бірқатар проблемалардың қалыптасқанын көрсетеді. Қазіргі таңда аудандық газеттердің толық электрондық базасы жоқ.

Бұл – халықаралық тәжірибеде орныққан бағыт. АҚШ-та Chronicling America жобасы арқылы 20 миллионнан астам газет беті цифрлық жүйеге көшіріліп, мыңдаған жергілікті басылым ортақ ұлттық платформаға топтастырылған.Ұлыбританияда 40 миллионнан аса газет мұрасы онлайн қолжетімді. Ал Франция мен Германияда өңірлік баспасөз қоры орталықтандырылып, бірыңғай стандартпен цифрландырылған.

Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады.

Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі:

«Шынында да, бүгінде ұлттық баспасөз интернет пен цифрлық технологиялардың арқасында аудиториясын кеңейтіп, қайта жаңғыру дәуірін бастан өткеруде. Осылайша, мерзімді басылымдар елдің медиа кеңістігінде маңызды орнын бекемдей түсті. Ұлттық басылымдарды қолдау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы орайда, салада еңбек етіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!» 

Бір топ депутат АҚШ пен Ұлыбритания тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанда бірыңғай цифрлық Аудандық баспасөз архивін құруды ұсынды. Бұл бастама Мемлекет басшысы мен жауапты министрлік деңгейінде де тұрақты көтеріліп келеді. Енді оң шешім қабылданып, ел үшін құнды ақпараттық мұраның басым бөлігі цифрлық форматта сақталады деген сенім бар.

Диана Қадыр, Самат Оспанов