Қазақстанда энергия тапшылығын шешу үшін жаңа нысандар салынып, ескілері жөнделеді. 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жоспарын Энергетика министрлігі сарапшылық қауымдастыққа таныстырды. Жобаны іске асыру үшін инвесторлар тартылады.
Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба саладағы барлық бағыттарды кешенді түрде өркендетуге бағытталған. Оның ішінде, инвестиция тарту, кадрлық әлеуетті күшейту де бар. Түптеп келгенде энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етпек. Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп болжанып отыр.
Талқыға түскен ұлттық жоспарда энергия өндіретін бірнеше ірі нысандардың құрылысын жүргізу де бар. Оның ішінде Екібастұзда пайда болатын 3-ші мемлекеттік аудандық электр станциясы (ГРЭС) мен Курчатов және Жезқазғанда сондай-ақ, бұған дейін айтылған Көкшетау, Семей, Өскеменде жылу электр орталықтарын салу көзделіп отыр. Ал қолданыста бар өзге де нысандарды жаңғырту жоспарға алынған.
Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тендер арқылы таңдалады. Ал қолданыстағы стансаларды жаңарту үшін тиісті министрлікпен келісімдер жасалады.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
-Осы жобаға 7,6 ГВт қуаттылығы кірді. Біріншіден ол бізге энергетикалық қауіпсіздігін береді. Енді екінші ол әрине осы генерацияның қасындағы бизнестің дамуына және жергіліктеріндіру жұмыстарын жүргізуге осындай бір мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Тағы да осы станцияларды таза көмірмен, технологиялармен жабдықтауға осы мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні Қазақстанда 237 энергия көзі бар. Дегенмен қуаттың 70 проценті көмірден алынады. Оның қоры да мол. Мамандар қазір өзінде 300 жылға жететін отын барын айтады. Дегенмен қоршаған ортаға зиянсыз етіп қолдану үшін, тың технология енгізіледі.
Талғат Темірханов, Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы:
-Бұл ең тұрақты, ең кең таралған Қазақстанда энергия көзі. Сондықтан өздеріңіз білетіндей, шетелдерде озық технологияларды пайдалана отырып, көмір генерациясын таза қылдыруға мүмкіншілік бар. Сол мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, қазіргі таңда көмір генерациясының жаңа кезеңі басталғалы отыр.
Енді елімізде бұл бағытқа басымдық беріледі. «Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша өзіне алған міндеттемесін де орындай береді»,- дейді сарапшылар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков