Тұрғын үйге құқық күшейтіледі

  • 315
  • 10.02.2026, 21:39

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата Заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы комиссияның ХI отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты. Тағы қандай мәселелер қаузалды? Ата Заңға нендей өзгерістер енгізілмек?

Конституция жобасына сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға да, баспанадан шығаруға да жол берілмейтін норма енгізіледі. «Баспана басыңдағы шатыр ғана емес. Ол қауіпсіз, қолжетімді және өмір сүруге жарамды болуы тиіс». Осылай деген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев біреуді қалаған уақытыңда үйінен шығарып жіберуге болмайтынын айтты.

Артур Ластаев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Конституцияда тұрғын үйге адам құқықтарын қорғау кепілдіктері туралы норманы бекіту еліміздің әлеуметтік және құқық қорғау сипатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын бекітеді. Бұл біз үшін өте маңызды. Өйткені мемлекет рәміздер үшін емес, қоғамдағы әрбір адам үшін құрылған. Адамға бағдарлану биліктің әрбір шешімі мен әрекетінде көрінуі керек. Ұсынысты қолдауды және негізгі заңда соттан тыс тұрғын үйден айыруға ғана емес, одан шығаруға да тыйым салуды қарастыруды сұраймын.

Адам құқы – ең қымбат қазына

Ата Заңның жаңа нұсқасын жазуда халық ұсынысы ескерілді. Мәселен,  Конституция жобасының 8-бабында меншіктің екі нысаны танылады және тең қорғалады делінген. Олар мемлекеттік және жеке меншік. Көптеген ұсыныста бұл норманың барлық меншік нысандарын қамтымайтыны айтылған. Осылайша аталған баптың 1-тармағы «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады», - деп жазылды.

Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық сот төрағасының орынбасары:

- 14-баптың 3-тармағында Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен мiндеттері бар делінген. Азаматтық адамның мемлекетпен конституциялық-құқықтық байланысын білдіреді. Демек ҚР азаматтары Конституцияда белгіленген құқықтардың, бостандықтар мен міндеттердің толық көлеміне ие және заң алдында тең. 

Жаңа конституция жобасы

Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында өтпелі кезеңге қатысты барлық рәсімдер, мерзімдер мен регламенттерді нақтылап көрсету қажет. Осылай деген төменгі палата депутаты қазіргі Парламенттің өкілеттігін қай мерзімге дейін жүзеге асыратыны, сондай-ақ Құрылтай сайлауының қашан және қандай тәртіппен өткізілетіні нақты жазылуы қажет екенін тілге тиек етті. Аталған бөлім толық пысықталғаннан кейін Конституция жобасы референдумға енгізуге дайын болады.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің Конституция күшіне енгеннен кейінгі мәртебесі де нақты регламенттелуі тиіс. Атап айтқанда, олардың күшін сақтау мәселесі және жаңа конституциялық нормаларға сәйкестендіру мерзімдері жобада тікелей көрсетілуі қажет.

Сонымен бірге көрсетілген конституциялық нормаларда Құрылтайды таратуға шектеулер қойылады. Төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабында белгіленген жағдайда Құрылтайды таратуға болмайды. Соңғы шектеу Конституцияда белгіленген жағдайларда Президент өкілеттіктерін өзіне қабылдаған тұлғаға қатысты болмақ.

Құралай Жұмахан