Себебі елімізде препараттарды тіркеу жеңілдейді. Мамандар: «Бұл шешім арқылы бәсеке артып, баға төмендейді», - деп болжауда. Мәжіліс тиісті заңға түзетулер енгізіп, қабылдады. Депутаттар сонымен қатар ғылымды дамытуға және ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған құжатты мақұлдады. Өзгерістерге сай, отандық ғалымдардың зерханаларға қолжетімділігі артады.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік 120 университет жұмыс істейді. Олардың тек 17-сінде заманауи зертхана бар. Яғни ғалымдардың бәрі бірдей зерттеу жүргізе алмай отыр. Қаралған құжат осы олқылықты жоюға жол ашады. Атап айтқанда, өз жобасы бойынша өтініш жіберіп, көңілі қалаған зертханада сынақ өткізу, талдау жасау құқы беріледі.
Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Бүгінгі күні Қазақстандық ғылыми портал қалыптастыруда. Оның ішінде 525 ғылыммен айналысатын мекеме туралы ақпарат толықтырылып жатыр және 26 мыңнан астам ғалымдар өз анкеталарын салды. Енді осы портал арқылы аймақтық жоғары оқу орындары және ғылыми зерттеу институттары көре алады. Жалпы республика бойынша қай жерде қандай лабораториялар және құрылғылар бар.
Осы өзгерістер аясында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысатын, ұлттық құрама құрамындағы дарынды балалар да мемлекеттік университеттердің зертханаларын пайдалана алады. Бұл қызмет үшін ақы төлемейді. Мамандар: «Зертханаларды пайдалануды неғұрлым ашық әрі тиімді етуді көздедік», - дейді.
Депутат Ерболат Саурықов көтерілген тақырып аясында ауыл шаруашылығы бойынша ғылымды дамыту қажет деген бастама көтерді. «Бірқатар дақылдың тұқымын әлі күнге сырттан алуға мәжбірміз», - дейді.
Сондай-ақ депутаттар отандық ғылым мен тұқым шаруашылығы жүйесін дамыту қажеттігін атап өтті. Мүмкіндігінше импортқа тәуелділікті азайтуды ұсынды. Ол үшін өңірлік тұқым шаруашылығы консорциумын құру қажет.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылық саласында елімізде шетелдік селекцияға өте қатты тәуелдіміз. Мысалы, жасымық бойынша тәуелділік 99%-дан асады, қант қызылшасы шамамен 98%, рабс пен бұршақ 90%, жүгері 80%-дан асады. Ал жалпы көкөніс тұқымдары 85-95% импортқа тәуелді болып отырмыз.
Дәрілерді тіркеу жеңілдейді
Елімізде сонымен қатар дәрі-дәрмек тапшылығы жылдар бойы толық шешілмей отыр. Қазір Қазақстанда 6 мыңға жуық препарат тіркелген. Ал көршілес мемлекетте 17 мың. Неге?
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жасыратын ешнәрсе жоқ, көп азаматтар бір жаққа демалуға барса, басқа жаққа барса дәрілерді арнайы сол жақтан алып келші деп өтініп жатады. Ал неге ол Қазақстанда жоқ? Өйткені осы дәрілерді Қазақстан нарығына жіберетін арнайы рәсімдер өте қиын. Сол бойынша біз жаңа бірнеше нормаларды дайындадық, кейбір нормалар тіпті ешқандай қосымша тексеруссіз, егер ол АҚШ-та, Еуропада қолданып жатса, біз оны не үшін қайтадан тексереміз? Біз оны 15 күн ішінде өткізуіміз керек деп осындай ұсыныстарды беріп жатырмыз.
Сондай-ақ елімізде енді дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібі жеңілдейді. Қазіргі талап бойынша ол 210 күн қарасытырылады. Бүгінгі өзгерістерге сай алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтикалық компаниялардың өтінімдерін күтпей-ақ, Қазақстан үшін қажетті дәрілік заттарды тіркеуге өз бетінше өтінім беру құзыреті беріледі. Мамандар: «Бұл шешім арқылы тапшылық жойылады әрі баламалы дәрілер көбейген сайын баға төмендейді», - деп топшылауда.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков