Павлодар облысы цифрлы хабқа айналады. Жақын арада Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы жүзеге асырылады. Осылайша Орталық Азиядағы ірі дата-кампусты құру көзделіп отыр. Қазір тиісті жер учаскелері анықталып, келісімдер жасалған. Қуаты 215 МВт болатын қосалқы станциясы да дайын.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында энергетикалық инфрақұрылымының негізін қалыптастыруды жүктеген еді. Премьер-министр Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Инвесторларға энергиямен жабдықтаудың жеңілдетілген тарифтік моделі бекітіліп, тиісті инвестициялық және салықтық жеңілдіктер белгіленген. Сондай-ақ АҚШ, Қытай мен Үндістан елдерінен «бұлтты» есептеу, үлкен деректерді өңдеу және жасанды интеллект салаларында жұмыс істейтін 20-дан астам hyperscale-компаниямен келіссөздер жүргзілді.