Шымкентте «Отбасы банк» салымшылары үшін жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жиырмаға жуық ірі құрылыс компаниясы тартылған шара екі күнге созылады. Ақпараттандыру алаңында тұрғын үй жобалары таныстырылып, тиімді шарттар ұсынылды.
Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі «Көрме» орталығында өз жұмысын бастады. Мұнда салымшыларға толық ақпарат беру үшін барлық тараптар бас қосып, тұрғын үйдің кең таңдауын ұсынды. Мамандардан кәсіби кеңес беріліп, пәтер алудың ең тиімді шарттары мен жолдары түсіндірілді.
Дәурен Саудабаев, «Отбасы банк» АҚ өңірлік филиалының директоры:
- Мұнда сапалы пәтер ұсына алатын барлық құрылыс компанияларының өкілі бар. Салымшылар олар салған тұрғын үйлерді жан-жақты салыстырып, өзіне қажетті ұсынысты таңдай алады. Екіншіден, жәрмеңкені дәл қазір өткізуіміздің де өз себебі бар. Біз өткен айда «Наурыз» бағдарламасына өтініш қабылдадық. Енді олардың төлем қабілетін растау кезеңі басталды.
Отбасы банкінің мәліметінше, бүгінде өңір халқына тиесілі 290 мыңнан астам жинақ шоты ашылған. Бұл әрбір бесінші тұрғын баспаналы болуды жоспарлағанын білдіреді. Ал осы уақытқа дейін салымшылардың 24 мыңы қоныстойын тойлаған.
Кәмила Атабаева, қала тұрғыны:
- Менің есепшотым негізі 2019 жылдан бастап ашылды. Содан бері жинап келе жатырмын. «Наурыз» бағдарламасы арқылы конкурстан өткеніме өте қуаныштымын. Бұйырса, осы жылы үй таңдаса, пәтерлі боламыз деген ниеттеміз.
Жәрмеңкеге келушілер тек кеңес алып қана қоймай, арнайы ойындарға қатысып, фотоаймақтарда естелік суретке түсті. Ал белсенді қатысушыларға бағалы тұрмыстық техникалар табыс етілді.
Айдар Саттаров, құрылыс компаниясының коммерциялық директоры:
- Біз «Отбасы банкке» күн де рақметімізді айтамыз. Ең бірінші артықшылығы – ол тұтынушылар үшін. Яғни біздің клиенттеріміз үшін 1 сағаттың ішінде аралап шығу деген өте қолайлы. Олардың барлығымен тікелей жұмыс жасау бізге де қолайлы.
Жиырмаға жуық құрылыс компаниясы қатысқан дәстүрлі жәрмеңке екі күнге созылады. Сала мамандары тұрғындарды таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін қабылдайды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов