10 жылда 14 кәсіп түрі жойылады

  • 6
  • 27.04.2026, 21:51

Елімізде алдағы он жылда 46 кәсіп түрі қысқарып, 14 мамандық мүлдем жойылуы мүмкін. Жалпы еңбек нарығының 44 пайызы өзгеріске ұшырайды. Бұған технология, оның ішінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуы себеп. Автоматтандыру, сауда, дизайн бағыттарында жаңа кәсіп қалыптасып келеді. Енді оқыту жүйесі осы ағынға беймделеді. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында айтылды.

Заманың түлкі болса, тазы болып шал. Министрлік осы қағиданы негізге алуда. Өйткені бұрынғы тәсілмен оқыту қазірдің өзінде өзін толық ақтама жатыр. Қамсыз отырсақ болашақта зардабы ауыр болуы мүмкін.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

-Негізгі мемлекеттік тапсырыс Еңбек министрлігінің ұзақмерзімді, ортамерзімді және қысқамерзімді болжау механизмдеріне негізделген. Соны бізге береді. Біз соған сәйкестендіріп, мемлекеттік тапсырысты пысықтаймыз. Бірақ ол жеткіліксіз, өкінішке қарай. Сондықтан осы жылдан бастап мемлекеттік тапсырыста сауалнама ескерілетін болады.

Қазірдің өзінде 73 мыңға жуық кәсіпорынға сауалнама жүргізіліпті. Соның нәтижесінде әр өңір мен сала бойынша кадрларға деген қажеттілік анықталған. Енді білім беру мазмұны сол деректерге сәйкес жаңартылады.

Тілеген Қаскин, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:

- 2022 жылы басым бағыттар бойынша 9 мыңнан астам грант, оның ішінде 6 мыңнан астамы инженерлік мамандықтар бойынша, ал шамамен 3 мыңы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында талап етілмей қалған. Жоғары оқу орындары жыл сайын шамамен 20 мың IT-маман даярлайды, алайда олардың тек 30%-ы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов елімізде цифрландыру үрдісі жанданғанымен, білім беру, зерттеу саласында бюрократия әлі де азайған жоқ деген мәселені көтерді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Профессор жаңа құралдарды қашан игермек? Оған уақыт та жоқ, материалдық стимул да жоқ, методикалық қолдау да жетіспейді. Соның салдарынан, бүкіл жоба жай ғана есеп беру жүйесіне айналуы мүмкін. Университеттер «100 пайыз қамтыдық» деп, жүздеген мың сертификаттармен мақтанудан, нақты құзыреттілік жетерліктей өспейді.

Елімізде 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы бар екен. Соның шамамен 700-і жабылады. Мамандар олар болашақта үлкен нәтиже бермейді дегенді алға тартуда. Ал жоғары оқу орындарындағы кей мамандықтар практикалық оқытуға көшеді. Бұл әсіресе инженер, мұнай саласындағы кәсіп иелеріне қатысты.

Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Әлиев