Жылу нысандарын жөндеу 4 ай ішінде аяқталуы тиіс

  • 6
  • 05.05.2026, 19:32

Үкімет алдағы жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. Жөндеу жұмыстары төрт ай ішінде аяқталуы қажет. Былтырғы күз бен биылғы қыс айларындағы жылыту кезеңі тұрақты және қалыпты жағдайда өтті. Ірі технологиялық қателіктерге жол берілген жоқ. 5 жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан «сарыға» және 3 нысан «сарыдан» «жасыл» деңгейге ауыстырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.

Жылыту маусымының аяқталғаны кеше ғана болса да, алдағы қысқа қазірден дайындық басталып кетті. Бұрынғы жылдары жекелеген пәтер не үй емес, тұтас қалалар қақаған аязда жылусыз қалғаны ұмытыла қоймады. Сол кездегі машақат өз алдына, апаттың салдарын жою шығыны да айтарлықтай көп болды. Екібастұз бен Риддердегі жағдайлардан үлкен сабақ алдық. Сондықтан барлық өңір қысқа ерте қамданып жатыр. Энергетика вице-министрі бүгін соның бірқатарына тоқталды.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі: 

-Шығыс Қазақстан облысында Риддер ЖЭО-да №5 және 6 қазандықтарға және Риддер қаласындағы жылу желілерінің 12 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Абай облысында 1-ЖЭО мен Семей қаласының қазандықтарын жөндеуде. Алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін Министрлік слайдта көрсетілген барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады.

Өткен кезеңде 8 жылу электр орталығы қауіпті нысандар қатарынан шықты. Жыл соңына дейін 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтеді. Алдағы қысқа дайындық үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат көзделіпті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Маған түскен ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы ЖЭО-3 бойынша мерзімдердің бұзылу фактілері бар. Бұны ұмытпаған шығарсыз?! Барлығы уақытында аяқталуы тиіс. Бұл сіздің жеке жауапкершілігіңіз.

Үкімет басшысы бұл фактіні айта отырып, есеп тек қағаз жүзінде әдемі болып қалмасын деді. Сондай-ақ нақты мерзімді де бекітіп берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ешқандай басы артық бюрократия болмауы керек. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін толық әзір болуы тиіс. Әкімдерге жылу нысандарына тұрақты негізде барып, жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырамын. 

Жыл соңына дейін 377 шақырым жылу желісі мен 10 мың шақырым электр желісін жаңғырту жоспарланып отыр. Жұмыс ауқымды. Соны ойдағыдай орындасақ желілердің тозу деңгейі 48 және 62 пайызға дейін төмендейді.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин