Елімізде рақымшылық жасалуы мүмкін

  • 10
  • 21.05.2026, 19:32

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасалуы мүмкін. Мәжіліс тиісті заң жобасын қарауға алды. Ұсынылып отырған амнистия қылмыстық және әкімшілік істердің бір бөлігіне қолданылады. Сонымен қатар алдағы уақытта нотариустардың жауапкершілігін арттыру көзделуде. Өйткені дәлелсіз жазбалар шығару деректері жиілепті. «Олардың қызмет тарифтерін де қайта қарау керек», - дейді депутаттар.

Рақымшылық – өмірде қателік жасап шалыс басқандар үшін кешірім, жаңа мүмкіндік, үміт сыйлау және сенім арту. Заң жобасы бойынша ауырлығы аз және орташа қылмыс жасаған азаматтарды жауапкершіліктен босату ұсынылған. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімдерін қысқарту мәселесі қарастырылып отыр. Алайда бұл тек келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Мәжіліс құжатты қарауына алды. Құжаттың нақты қандай санаттағы азаматтарға қолданылатыны талқылау барысында нақтыланады.

Снежана Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасында әкімшілік рақымшылық шеңберінде Қазақстан азаматтары болып табылатын жеке тұлғалар, кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар   қандас мәртебесі бар және басқа да адамдар осы заң қолданысқа енгізілген күнге орындалмаған әкімшілік айыппұл түрінде салынған әкімшілік жазадан босатылады. Жалпы рақымшылық жасау азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқықбұзушылықтарды ізгілендіруге бағытталған.

Нотариус жауапкершілігін арттыру

Келесі қаралған заң нотариустардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Депутаттар олардың кейбірі микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен коллекторлардың мүддесі үшін заңбұзушылықтар жасап жатқанын мәлімдеді. Яғни еш тексерместен, кейде негізсіз атқарушы жазбаларды рәсімдеген. Салдарынан азаматтардың есепшоттары бұғатталып, шетелге шығуы, көлік жүргізуі сияқты мүмкіндіктері шектелген.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Нотариустар дәлелсіз жазбалар шығарып, адамдарға жалған қарызды немесе міндеттемелерді жүктеген. Республика бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде 280 мың атқарушы жазба анықталған. Алматыда 133 мың, Астанада 15, Қызылордада 95 мың. Кейбір нотариустардың микрокредиттік және коллекторлық ұйымдармен байланысы болуы мүмкін. Олардың бәрін жауапкершілікке тарту қажет.  

Ал Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев болса, нотариус қызметтерінің бағасын сынға алды. «Қазіргі тарифтер халыққа тиімсіз», - дейді.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көлік жүргізуге арналған сенімхаттың бағасы бүгінде – 17 300 теңге. Ал оны рәсімдеуге шамамен 10 минут қана уақыт кетеді. Аудармашы бір парақ қағазды аударуға жарты сағат жұмсайды, бірақ оған 900 теңге ғана төленеді. Осындайда тарифтердің әділдігі қайда деген сұрақ туындайды. Электронды базалар пайда болды, нотариустардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Бірақ бағалар өзгермеді, бәрі АЕК-ке байланып қалған. 

Мәжілісмендер депутаттақ сауалдарда елді мекендерге ауызсу тарту, нашақолрлықпен күрес, қалдықтарды басқару сияқты мәселерді көтеріді. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов