Үлкен Алматы каналына ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жоба үш кезең бойынша жүзеге асады. Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір ұзындығы 15,6 шақырым болатын учаскені реконструкциялау жобасын әзірледі. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын өзге учаскелерді жөндеуге қажетті құжаттар дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар каналдың негізгі бөлігін бетонмен қаптап, Алматы облысындағы суармалы жерлерге су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Министрлік мәліметінше, биыл жыл басында каналдың 1,53 шақырым болатын учаскелеріндегі реконструкция жұмыстары аяқталды. Аталған бөліктер монолитті темірбетонмен қапталған. Нәтижесінде каналдың техникалық жағдайы жақсарып, су шығыны азайды.