Оңтүстікте қант қызылшасын жинау науқаны басталды

  • 9
  • 24.09.2026, 18:37

Елдің оңтүстігінде қант қызылшасын жинау науқаны басталды. Шаруалар биыл да жақсы өнім алатынына үмітті. Шикізат өңдеу кәсіпорындары да маусымға дайындалып жатыр. Ал бұл салада мемлекет басшысы жүктеген ауқымды міндет бар. Соған сәйкес егіс көлемін ұлғайтып, тәтті өнімге тапшылықты болдырмау үшін отандық өнім үлесін арттыру керек. Қазір елде қант тұтыну көлемі шамамен жылына 500 мың тоннаны құрайды. Жиналатын өнім бұдан әлдеқайда аз. Қайтпек керек?

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Қант – әлеуметтік мыңызы бар азық-түлік санатында. Ол нан, кондитер өнімдері және өзге де көптеген тағамды дайындауда қолданылатындықтан әлемде үнемі сұранысқа ие. Ал Қазақстан үшін тіпті маңызды. Себебі елге қажетті қанттың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Осыдан 4 жыл бұрын болған тапшылық та көрші Ресейдің қантты экспорттауға тыйым салуынан туындаған еді. Салдарынан біздің елде жетіспеушілік байқалып, оның бағасы күрт құбылған. Сол кезде Президент жауаптыларға кешенді жоспар құрып, мәселені шешуді тапсырған. Нәтижесінде, жүйелі жұмыстар қолға алынып, елде қант тапшылығын жою шаралары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

- Бүгінгі күні қант саласының жағдайы 2022 жылға қарағанда әлдеқайда жақсы. Бірталай ілгері басты деп айтуға болады. Әрине, толық импорттық тәуелділіктен арылғанымыз жоқ. Бірақ өзіміздің отандық өндіріс, өзіміздің қызылшадан өндірілген қанттың үлесі әлдеқайда жоғарылап отыр. 2021 жылдары қызылшадан өндірілген қанттың үлесі 6 пайыз болған болса, қазір 23-24 пайызға дейін жетіп отыр. Қалған 20 пайыздай ол қызылшадан емес, құрақ қант. Ол импортталатын шикізат бірақ, өзіміздің зауыттарда өндірілген 15-20 пайызы сол арқылы жеткізіледі.

Бұл көрсеткіш аз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, бұл отандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған кешенді жоспардың бастамасы деуге болады. Мәселен, 2022 жылы еліміздегі қант қызылшасының алқабы небәрі 13 мың гектар болған. Биыл егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,6 мың гектарға ұлғайған.

Нақтырақ айтқанда былтыр 19,1 мың гектарға тәтті түбір егілсе, ағымдағы жылы оның аумағы 23,8 мың гектарды құрады. Сол өзімізде өсірілген қант қызылшасынан өндірілген өнім соңғы 5 жылда 3,7 есе өсіп отыр.

Қазір тәтті түбірді жинау науқаны жүріп жатыр. Өнімділік, бұрынғыдай орташа көрсеткіш шамасында болады деп күтілуде. Қазір шаруалар үшін де, шикізат өңдейтін кәсіпорын үшін де қолдау бар. Атап айтқанда, тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға субсидиялар беріледі. Қажетті техника мен жабдықтар алуға да көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, осы саладағы зауыттардың  өндірістік қуатын арттыру және жаңғырту да жүріп жатыр. Бүгінде 4 кәсіпорын бар. Тек Көксу қант зауыты бұған дейін тәулігіне екі мың тонна өңдесе, енді оның қуаты 3 мың тоннаға дейін артты.

Жигули Дайрабаев, «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» басқарма төрағасы:

- Қуаттылығы жөнінен биыл меніңше аса бір жылдағыдай қиыншылық тумайды. Оның үстіне мемлекет басшысы тапсырма бергеннен кейін министрліктер де талабын күшейте бастады. Осы жуық арада Жамбыл облысында тағы да үшінші зауыт қосылады. Ол зауыттың ауқымы – жылына 1 млн тоннаға дейін.

Әзірге импортқа тәуелділік әлі де бар. Отандық өндірісті ұлғайту есебінен оның көлемін азайтуға басымдық берілмек. Ал шаруалар көрсетілетін қолдау артатын болса, егіс пен өнім де көбейеді деп отыр.

Саха Манатов, Жамбыл облысының қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

- Біз 50-60 пайызға қамтамасыз етуіміз керек сырьемен өзіміздің зауыттарымызды, өзіміздің қантымыз болу керек. Қазіргі жағдайда өзімізді 20 пайыз қамти аламыз, қалған 80 пайыз импорт болып жатыр. Сол үшін мықты қолдау болатын болса, субсидияны кешіктірмей өз уақытында берілетін болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз

Қант қызылшасы елдің екі өңірінен өзге, басқа да аймақта өсірілуі мүмкін. Бұған алдағы уақытта тартылатын инвестиция оң ықпалын тигізуі тиіс. Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, ішкі нарықта қант тапшылығы болмайды.