Қарағанды облысының білім беру саласына жыл сайын 600 педагог жұмысқа қабылданады. Бұрынғыдай емес, кадр тапшылығы азайды. Өңірдегі білім беру мекемелерінде 24 мыңнан астам маман еңбек етіп жүр. Оның 18 мыңға жуығы мектептерде сабақ береді. Педагогтердің мәртебесін биіктетіп, беделі мен кәсіби абыройын қорғау мәселесі – басты назарда.
Қарағанды экономикалық университетінде өткен жиында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері саладағы мәселелерді оқытушылармен бірге талқылады. Президент Жолдауында басымдық берілген цифрлық технологияларды дамыту және сұранысқа ие мамандар даярлау туралы айтты. Сондай-ақ өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі педагогтердің рөліне ерекше назар аударды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Бұл Жолдауда біздің Қазақстанның кез келген азаматы өзіне, өзінің тағдырына қатысты өте маңызды сұрақтардың жауабын табуда. Мұғалімдер де өте ерекше бір көңілмен қабылдады. Осы Жолдауда ұстаздар тек қана сабақ берумен айналысуы керек, оларға артық жүктеме болмауы керек, мұғалімдерді қорғау керек, қолдау керек деген Президенттің айтқан тапсырмасы бойынша ұстаздарымыз жақсы қабылдап, ризашылығын білдіріп жатыр.