«Алтын Орда» базары: 4 шақырым жолдың құрылысы 4 жылға созылды
Тар жолдағы кептелістен жолаушылар діттеген жеріне сағаттап жете алмайды. Ал бұл күре жолдың мәселесі соншалықты күрделі ме еді?
Қалқамен мен Іргелі арасындағы жолдың салынып жатқанына екі жыл болды. Бірақ құрылыста ешқандай қарқын жоқ. Тіпті жарты жыл бойы жол айрығын салу ісі іркіліп тоқтап тұрды. Ал күн сайын бұл жолмен мыңдаған көлік жүреді. Бұл жол сағаттап кептелісте тұратын жүргізушілердің жүйкесін әбден жұқартты.
Жұмыстың іркілуіне бірнеше себеп бар. Ең біріншісі – бюджетен бөлінген қаржының аздығы. Мамандардың айтуынша, қазір уақытқа дейін жалпы құрылыстың 60% астамы аяқталған. Бірақ бұл көрсеткіш базар алдында болатын кептелісті азайтқан жоқ. Сонымен қатар жол салынатын жер телімдері жекеменшікке сатылып кеткен. Мысалы аумаққа орналасқан 2 жанармай құю бекетін көшіру қиынға соғып тұр. Екі бекеттің де қожайыны бір. Қазір осы іске қатысты үш мәрте сот отырысы өтті. Дегенмен нақты шешім қабылданған жоқ.
Алтай Жұмағазин, құрылыс бригадасының жетекшісі:
- Құрылысты 3 қаңтарда бастадық. Жобалау бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек. Ал жанармай бекеті біздің жұмысқа кедергі жасайды. Соны басшылар анықтап жатыр.
Ал жол құрылысына жауапты «Қазавтожол» ҰК Алматы қаласындағы филиал өкілдері қандай да бір мәлімет бергісі жоқ. Сондықтан осы 4 шақырымдық жол құрылысы қашан аяқталары әзірге белгісіз.
Авторлары: Алмас Садуақас Нұрдәулет Жақсыбаев