Былтыр Қостанай облысы 265 жас дәрігермен толықты
Ынталандырудың бұл түрлері Қарасу ауданында медициналық қызметкерлер тапшылығын жойған. Осылайша аудандық ауруханада бірқатар дәрігерлік қызмет түрін облыс орталығына бармай-ақ, тұрғылықты жерде алу мүмкіндігі пайда болды.
Данияр Сұлтан, тілші:
- Аудан орталығында пайда болған бұл баспаналар жас мамандарға арналған. Бастапқыда бір үйдің құны 17 млн теңге болған. Алайда жергілікті тауар өндірушілердің демеушілігімен құны екі есе төмендеді. Яғни әлдеқайда қолжетімді болды. Аумағы 80 шаршы метр құрайтын баспаналар қаладағыдан еш кем емес.
Орталықтандырылған жылу, су желісі және 1,5 млн теңге. Александр Науменко Қарасу ауданына осындай шарттармен келген. Жас хирург адам жанына араша түсіп, күніне кемінде екі операция жасайды.
Александр Науменко, хирург:
- Өт жолы қабынғанда, соқырішектің асқынғанда операциялар жасаймыз. Сымдар, пластиналар орнатамыз. Енді лапароскопиялық әдіспен жасалатын операцияларды дамытуды қолға аламыз. Бұл науқастардың тез арада қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Аудандық аурухана озық құрылғылармен әлі де толығады. Жарамдық мерзімі өтіп, тозығы жеткендер кезең-кезеңімен жаңарып келеді. Цифрлы рентген құрылғысы былтыр пайда болған. Құны 70 млн теңге болатын аппарат көмегімен күніне 20 адам рентген кескінін шығара алады.
Ғабит Шайкин, зертханашы:
- Нәтижесін бірден көрсетеді. Мұны түсіресің де, экранға барып көресің. Баяғыдай бір сағат, екі сағат тосып керек емес. Бес минутта түсірілім қолда болады.
Мынау аудандық ауруханаға қарасты ғимарат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жаңа кейіпке енді. Бір жыл бұрын жартылай бос тұрған. Ал қазір заманауи қондырғылармен жабдықталды.
Владимир Голубев, Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Облыста теңдесі жоқ флюорографиялық құрылғы туберкулезбен ауыратындар үшін орнатылды. Биыл 30 млн теңгеге жаңа наркозды тыныс алу, реанимациялық тұрғыда ауыр дертке шалдыққандар үшін өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алу көзделген.
Қымбат жабдықтарды сатып алуда жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары.
Виктор Ионенко, Қарасу ауданының әкімі:
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасынан бөлек, өз қаражатымыз есебінен жас мамандарды ауылға тартудамыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінетін қаржы бізге аздық етеді. Сондықтан кәсіпкерлер атсалысып, жастарға жағдай жасауда аянып жатқан жоқ.
Аудан бойынша қазір небәрі 3 дәрігер жетіспейді. Осыдан 3-4 жыл бұрын 17 маман қажет болған. Жас мамандардың келуімен Қарасуда осы күнге дейін өзекті болған реаниматолог пен акушер-гинеколог тапшылығы шешілді.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров